Астанада апта сайынғы ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтіп жатыр

Астанада апта сайынғы ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтіп жатыр

Елордада ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінің маусымы жалғасуда, онда қала тұрғындары азық-түлікті нарықтық бағадан төмен бағамен сатып ала алады. Бұл жолы тауарларды Шығыс Қазақстан және Абай облыстарының өндірушілері әкелді, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің ресми сайты.

Жәрмеңке "Астана-Арена" стадионының жанындағы алаңда өтеді. Мұнда өңірлерден келген өндірушілердің 70-тен астам өнім түрлері ұсынылған.

Елордадағы жәрмеңкеге барлығы 282 тонна азық-түлік әкелінді. Бұл қала тұрғындарына қолайлы бағамен картоп пен көкөніс, ет, балық, құс еті, шұжық өнімдері, бал, күнбағыс майы, бақша дақылдары, сүт өнімдері, қымыз және панта өнімдерін сатып алуға мүмкіндік береді. Жәрмеңкеде ұлттық тағамдар да бар.

"Маған мұндай жәрмеңкелер өте ұнайды. Мұнда әрқашан жаңа өнімдер бодады, ал сатушылардың өздері өте сыпайы және мейірімді. Мен ШҚО-дан келдім. Сондықтан, бүгін өз өңірімнен тауар сатып алғаныма өте қуаныштымын", - дейді елорда тұрғыны Әсемгүл Оспанова.

Айта кету керек, жәрмеңкеге келушілердің азық-түлік қауіпсіздігі үшін алаңдамауына болады. Барлық тауар өндірушілерде сатылатын өнімнің шығу тегі мен тиісті сапасын растайтын құжаттар бар.  

Сауда жасаудан бөлек, ауылшаруашылық жәрмеңкесінің қонақтары концерттік бағдарламаны тамашалай алады. Көбісі балалармен бірге келеді.

"Демалыс күндерін біз әдетте отбасымызбен өткіземіз. Бүгінгі күн де солай өтті. Жәрмеңкеге әйелім мен қызым үшеуміз келдік. Жалпы, мұндағы атмосфера ұнайды. Біз азық-түлікті арзан бағамен сатып алдық, ал қызым жүгіріп, таза ауада биледі. Барлығымыз риза болып қайтып барамыз, осындай іс - шараны ұйымдастырғаны үшін рахмет", - деп өз әсерімен бөлісті Нұрбол Әлімжан.

Естеріңізге сала кетейік, келесі демалыс күндері, 8-9 қазанда жәрмеңкеде өз өнімдерін Солтүстік Қазақстан және Ақтөбе облыстарының кәсіпкерлері ұсынады.