
Алаш арысы, қоғам қайраткері, қазақ әліпбиінің негізін салған ғалым Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай 5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні болып бекітілген. Атаулы мерекенің тойланып келе жатқанына да 5 жыл өтті. Биыл А. Байтұрсынұлының 150 жылдығы ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтіп жатыр. Осы орайда елордада Қаламгерлер аллеясында орналасқан «Алаш қайраткерлері» ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті, деп хабарлады Elorda.info.
Салтанатты іс-шараға алаштанушы ғалым Дихан Қамзабекұлы, ғалым Шерубай Құрманбайұлы, Жазушылар одағының елордадағы филиалының басшысы Дәулеткерей Кәпұлы, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, қалалық мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов және басқалары қатысты.
Гүл қою рәсімінен кейін Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің ұйымдастыруымен Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған ғылыми конференция өтіп жатыр.
Іс-шараның негізгі мақсаты – Жаңа Қазақстанның мемлекетшіл-идеологиялық, ғылыми-интеллектуалдық, мәдени-танымдық ізденісін, тәжірибесін, әлеуетін танымалдандыру орайында Ахмет Байтұрсынұлы мұрасын жаңаша зерттеп-зерделеу, тіл білімі мен әдебиеттану көшбасшысының ғылыми қағидаттарын, тұжырымдамаларын білім, мәдениет т.б. бағыттарда салаландыру, ахметтанушылардың жаңа буынын қалыптастыруға септесу, жоғары және орта мектептің А. Байтұрсынұлы мұрасын оқу және тәрбие үдерісінде пайдалануға байланысты тәжірибесін талқылау және озық тәжірибелерді насихаттау.
Еске сала кетейік, Қазақстан халқы тілдерінің ХХІV қалалық фестивалі аясында қыркүйек айының соңына дейін елордада Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне және тіл мерекесіне орай әртүрлі форматта іс-шаралар өткізу жоспарланған. Сонымен қатар қаладағы барлық мекемеде де тіл мерекесіне арналған іс-шаралар ұйымдастырылады.