
Елордада "Білімді ұлт: білімге құштарлық, еңбексүйгіштік және патриотизм" атты педагогтардың жыл сайынғы тамыз конференциясы өтті, деп қала әкімдігінің ресми сайты хабарлады.
Конференцияға ҚР Білім және ғылым вице-министрі Ғани Бейсембаев, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, елордалық Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазиев, сондай-ақ педагогтар, ата-аналар, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
"5 жыл ішінде 72-ге жуық мектеп салу және пайдалануға беру жоспарлануда. Өйткені, қазіргі уақытта негізгі сұраныстардың бірі мектептер санын көбейту болып табылады. Тамыз конференциясында мұғалімдерді даярлау мәселесі айтылды. Мәселен, биыл Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновтің тапсырмасы бойынша педагогикалық мамандықтар бойынша жоғары білім алуға 1300 грант бөлу тапсырылды", – деді қала әкімінің орынбасары Есет Байкен.
Елордалық білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев биыл қала мектептерінде жаңа өзгерістер күтіліп отырғанын айтты.
"Жаңа оқу жылында біз елорданың барлық мектептерінде шахмат клубтары мен үйірмелерін ашамыз. Шахмат федерациясымен бірлесіп турнирлер өткізіп, мектеп жаттықтырушыларын оқытатын боламыз. Тағы бір жаңалық – домбыра үйірмесінің ашылуы, оқушылар арасынан домбыра оркестрінің құрылуы. Бұл оқушылардың шығармашылық әлеуетін дамытуға, балалардың эстетикалық тәрбиесіне жағдай жасауға, қазақ халқының тарихына, салт – дәстүрлеріне деген сүйіспеншілікті оятуға мүмкіндік береді", - деп атап өтті Білім басқармасының басшысы.
Тамыз конференциясына педагогикалық еңбек ардагерлері де шақырылды.
Бүгінгі іс-шара жиналған педагогтар үшін пайдалы болады, деп есептейді №9 "Зерде" мамандандырылған мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Самал Жақыпова.
"Мен тамыз конференциясында көптеген жаңалықтардың куәсі болдым. Біріншіден, жаңа мектептердің ашылуы. Екіншіден, модификацияланған кабинеттерді ашу. Бүгінде өскелең ұрпақ үшін көп нәрсе жасалып жатыр. Елорда-дарынды оқушылардың ордасы, деп айтуға болады. Мамандандырылған мектептер жоғары көрсеткіштерге ие. Дені сау және білімді ұрпақ тәрбиелеуде осындай жобалардың болуы бізді қуантады", - деді Самал Жақыпова.
Іс – шара соңында педагогтар "Мейірім-әлемге махаббатпен", "Еңбек сіңірген білім қызметкері", "Еңбек ардагері" төсбелгілерімен марапатталды.