Елордалық ҚХА "Мектепке жол" республикалық қайырымдылық акциясын өткізді

Елордалық ҚХА "Мектепке жол" республикалық қайырымдылық акциясын өткізді

Балалар жылы аясында елордалық Достық үйінде Нұр-Сұлтан қаласының Қазақстан халқы Ассамблеясы "Мектепке жол" республикалық қайырымдылық акциясын өткізді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Акция "Мектепке жол – шекарасыз жақсылық" ұранымен өтті.

Іс – шараның негізгі мақсаты-әлеуметтік қолдауды қажет ететін көпбалалы отбасыларға, сондай-ақ жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жаңа оқу жылына дайындық алдында материалдық көмек көрсету.

Акцияның ресми ашылуында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі жанындағы "Қоғамдық келісім" КММ басшысының орынбасары Нұркен Әбдіғали бұл шараның дәстүрлі болып табылатынын және жыл сайын өткізіліп отыратынын атап өтті.

Қайырымдылық акциясы барысында 100-ге жуық бала мектеп сөмкелерімен және оқу құралдарымен қамтамасыз етілді. Достық үйіне шақырылған балалар үшін кәсіби аниматорлар ойын-сауық бағдарламасын ұсынды. Мультфильм кейіпкерлерімен бірге балалар қызықты ойындарға қатысты, олар елордалық ҚХА шығармашылық ұжымдарының концерттік бағдарламасымен сүйемелденді.

"Қазір менде сөмке мен оқу құралдары бар. Мен мектепке баруға дайынмын. Мектепті, достарымды сағындым. Аниматорлар мен олардың ойындары да өте ұнады",-деді Нұр-Сұлтан қаласының № 55 мектебінің 3 сынып оқушысы Айару Жанболатова.

"Мектепке жол" акциясына елордалық этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен меценаттары белсенді қатысты.

Атап айтқанда, тәжік, өзбек, шешен-ингуш, поляк, орыс, түрік, украин, татар-башқұрт, еврей, әзербайжан, белорусь, неміс, ұйғыр, дүнген, казак, болгар, башқұрт, грузин этномәдени орталықтарының өкілдері, сондай-ақ қайырымдылық жасаушы Сайяф Исмаилов және қалалық Аналар кеңесінің мүшесі Шапаат Нұрахунова игі іске өз үлестерін қосты.