
Елордада Балалар жылы аясында «балалар мен жасөспірімдерге зорлық-зомбылық пен қатыгездіктің алдын алу» тақырыбында кәмелетке толмағандардың құқығын түсіндіру бойынша іс-шара өткізілді. Оған азаматтық сектор мен бастамашыл топтардың өкілдері, ҮЕҰ басшылары, мемлекеттік мекемелердің басшылары қатысты, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шараны қалалық Ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Бақытты Шаңырақ» мүгедек балалары бар немесе тәрбиелеп отырған отбасыларға қолдау және көмек көрсету, «Тұрақты даму қайырымдылық қоры» қоғамдық қоры ұйымдастырды.
Жиналғандарға кәмелетке толмағандар арасындағы қатыгездік пен зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары түсіндірілді.
«Бүгін Нұр-Сұлтан қаласы тұрғындарының бастамашыл тобының қолдауымен, «Бақытты Шаңырақ» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен дөңгелек үстел өтті. Балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алу тақырыбы талқыланды. Сондай-ақ, біз өмірлік қиын жағдайға тап болған, әлеуметтік аз қамтылған, тұрмысы нашар отбасылардан шыққан балаларды мемлекеттік көмектің барлық көлемімен қамтамасыз етуді талқыладық. Бұл тұрғыда, әрине, мұндай отбасыларды уақытылы анықтау және оларға әкімдіктің барлық қызметінің уақытылы көмек көрсетуі үлкен рөл атқарады. Бұл сондай-ақ балаларға қатысты түрлі қылмыс түрлерін бұзудың, кәмелетке толмағандардың өмірлік қиын жағдайға түсуінің алдын алудың тиімді құралы болып саналады», - деп түсіндірді ҚР Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Динара Закиева.
Кездесу барысында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу туралы заңнама, Бала құқықтары туралы конвенция, дағдарыс орталықтарының қызметі, балалар арасындағы қатыгездік пен зорлық-зомбылықтың алдын алу жөніндегі ұсыныстар талқыланды.