
ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов Нұр-Сұлтан қаласында ерекше қажеттіліктері бар адамдарға көмек көрсететін бірқатар әлеуметтік кәсіпкерлік нысандарының жұмысымен танысты, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шараға қала әкімінің орынбасары Ерлан Бекмұрзаев, қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов және Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Илья Скуб қатысты.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет халықтың табысын арттыру бағдарламасын жүзеге асырып жатыр. Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты – индустрияландырумен, экономиканы әртараптандырумен, кәсіпкерлікті дамытумен ұштасқан халықтың табысын арттыру және нәтижелі жұмыспен қамтамасыз ету.
«Бағдарламада көзделген шаралар халықтың әлеуметтік осал топтары мен табысы төмен азаматтардың пайдасына бюджет қаражатын әділ бөлуге, олардың экономикаға одан әрі интеграциялануын ынталандыруға бағытталған. Бұл – жаңа мүмкіндіктер бағдарламасы, ол әсіресе көмекке мұқтаж адамдарға арналған. Оның міндеті тек қаражат бөлу ғана емес, алушыларды жұмыспен қамтудың әртүрлі нысандарына тарту арқылы өздерінің әлеуметтік статусын өзгертуге, материалдық жағдайын жақсартуға ынталандыру. Бағдарламаның осындай бағыттарының бірі – әлеуметтік кәсіпкерлік», — деді Е. Тоғжанов.
Жұмыс сапары «Мейірім» клиникасының материалдық әлеуетімен танысудан басталды. Медицина орталығында негізгі бағыттар бойынша толық көмек көрсетіледі. Орталықтың еліміз бойынша 30 медициналық мекемесі бар. Бір жылда 500-ге жуық азамат осы орталыққа тіркелсе, 2,5 миллионға жуық науқас дәрігер көмегін алады. Медицина орталығының республика бойынша өз дәріханасы мен жедел-жәрдем көлігі бар.
Премьер-министр орынбасары кешенді медициналық көмек көрсететін жеке клиникалардың өзге аймақтардағы жұмысы маңызды екенін атап өтті.
«Бұл орталық ішінде стационарлық көмек бірге жүргізіледі. Азаматтарға бір орталықта тексеріліп, сол жерде ем алуы өте ыңғайлы. Жеке медицина орталықтарының өзге аймақтардағы филиалы да жергілікті халық денсаулығы үшін жақсы жұмыс нәтижесін көрсету қажет. Қазір бұл салада түрлі тәжірибелерді қарастырып жатырмыз»,- деді Ералы Лұқпанұлы.
Келесі нысан мүгедектігі бар адамдар жұмыс іс¬тейтін «Дос» тәуелсіз өмір орталығы болды. Мүмкіндігі шектеулі жандар арнайы мүгедектер арбасын жасайды. Қытайда шығарылған арба орталықта тапсырыс берушінің өлшеміне сәйкес құрастырылады. Орталық мүгедектер арбасының 30 түрін ұсынады. Дайын арбаға 2 жыл кепілдік беріліп, техникалық қызмет тегін көрсетіледі.
Орталық мүмкіндігі шектеулі белсенді азаматтар үшін арбаға жалғанатын электрқоңдырғысын жалға береді. Арнайы қоңдырғы электр энергиясы арқылы 30 шақырым жылдамдықпен жүреді.
«Мен орталықта кеңесші маман ретінде жұмыс істеймін. Келушілерге олардың талаптары бойынша арба таңдауға көмектесемін. Осы электрқоңдырғы арқылы жұмысқа келемін. Өте ыңғайлы. Жалға алу құны да қолжетімді», - дейді орталық менеджері Дастан Раушанбеков.
Ералы Тоғжанов мүмкіндігі шектеулі жандардың қозғалысын оңтайландыратын арбаларды сатып алу қашанда қолжетімді болу керік екенін айтты.
«Осы орталықта мүмкіндігі шектеулі жандар игі іс жасап жатар. Өткен жылы әлеуметтік кәсіпкерлік туралы заң қабылданды. Заң аясында осындай орталық жұмыстарын дамыту қажет. Орталық мамандары онлайн тілдесу арқылы да арба өлшемдерін алады. Одан бөлек, арбаны жөңдеу орталықтары бар. Күнделікті қозғалыс құралы болғандықтан қашанда жөңдеуді қажет етеді. Осы сипаттағы әлеуметтік кәсіпкерлікке мемлекет қолдау білдіреді», - деді Премьер-министр орынбасары.
Әрі қарай жұмыс сапары елордалықтарға танымал Green TAL әлеуметтік шеберханасының тыныс-тіршілігімен танысумен жалғасты. Әлеуметтік жобаның негізін қалаушы Эмин Әскеров Ералы Тоғжановқа шеберхана дайындаған өнімдерді таныстырды. 2015 жылы құрылған орталық 9 бағыт бойынша жұмыс істейді. Бүгінде Эмин Әскеров ағаш ұстасы, тігін, киіз шеберханасы, кафе, автокөлік жуу және тағы басқа бағыттар бойынша әлеуметтік санаттағы азаматтарды жұмыспен қамтып отыр.
«Әлеуметтік кәсіпкерлікті әлі де жандандыру қажет. Бұл адамдарға кедергісіз орта қалыптастыруда қоғаммен байланыс ортану үшін өте маңызды», - деп атап өтті Ералы Лұқпанұлы.