
«AMANAT» партиясы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының атқарушы хатшысы Берік Жакенов «Жастар Рухының» кезектен тыс VI Съезіне қатысқан делегаттармен кездесті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Партияның елордалық филиалында өткен кездесуде әдемі әңгіме өрбіп, жаңашыл бастамалар көтерілді. Кездесу барысында Берік Жакенов ең алдымен, ұйымның жаңа атауымен құттықтап, Съезд делегаттарымен еркін форматта әңгіме құрды.
Жастар бүгінгі күні маңызды болып саналатын тайм-менеджмент және PR салалары бойынша алған шеберлік сабақтары туралы, сонымен қатар «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов, ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Аида Балаева, Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов сынды белді тұлғалардың сөздерінен алған әсерлерімен бөлісті.
Кездесуде жастар ақпараттық толқынның қарқынды дамып келе жатқанын, сондықтан ақпараттық кеңістікте өз ойларын ортаға салуға, блогинг саласын дамытуға көңіл бөліп жатқандарын жеткізді.
Жастар жаңашыл жобаларды қолға алу керек екенін, әр өңірдің өзгелерден алар жобалары бар екенін атап өтіп, ойларын ортаға салды.
«Саяси партия тұрақтылық пен бірліктің әрі бақытты да бейбіт өмірдің кепілі әрі оған жауапты. Біз көзі ашық, көкірегі ояу, елдің ертеңі үшін маңызды қадамдарға бара алатын, ел игілігі жолында тың идеяларды ұсына алатын азаматтарға, жастарға әрқашан ашықпыз. Жастармен тұрақты түрде осындай басқосулар өткізуді әдетке айналдыруға келістік. Қаламыздағы 36 мың партияластардың жиырма бес пайызы – жастар. Біз үшін ел қамын ойлайтын, отаншыл азаматтарды тәрбиелеу, партияның оқып-үйрету мектебінен тәлім алғызып, елдің пайдасына қызмет ететін азаматтарды тәрбиелеу біз үшін парыз.
NEET санатындағы, яғни жастар арасындағы масыл топтардағы азаматтармен мүмкіндігінше жүйелі жұмыс жүргізудің жолын қарастырғанымыз жөн. Еңбек еткен адамның қашан да еңсесі биік, әрі қашан да қоғамдағы құрметі бөлек. Ұлы Абай айтқандай «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» демекші, жастардың қоғамда жалғыз емес екендігін біз де оларға сезіндіре білуіміз керек. Сондықтан осы санаттағы жастарды әлеуметтендіру, жұмыссыздық деңгейін төмендету маңызды шара», – деп атап өтті Берік Жәкенов.
Өз кезегінде, елордалық филиал алаңын кеңейту, қоғамдық бірлестік бақылаушы немесе орындаушы орган ретінде емес, конструктивті алаң ретінде, шығармашыл жастарды біріктіретін, ел дамуына атсалыса алатын ұйым ретінде одан әрі дамыту керектігі айтылды.
«Елді алға бастайтын – жастар, сіздерден барша ел тың бастамалар мен озық идеалар күтеді. Әділетті, Жаңа Қазақстанды құру бүгінгі жастардан басталады. Әділетті Жаңа Қазақстан – ертеңгі жастардікі», - деді атқарушы хатшы.