Елордалық кәсіпкерлер мемлекеттік грант бизнесіне қалай көмектескенін айтты

Елордалық кәсіпкерлер мемлекеттік грант бизнесіне қалай көмектескенін айтты

Елордада жаңадан іс бастаған кәсіпкерлердің 2025 жылға дейін халықтың табысын арттыру бағдарламасы аясында бизнесін ашып, ары қарай дамытуы үшін мемлекеттік грант алуына мүмкіндік қарастырылған. Мемлекеттік қолдаудың осындай пайдалы тұстарын пайдаланған астаналықтар грант бизнесіне қалай көмектескенін айтып берді, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.

Кәсіпкерлер мемлекеттен 2-5 миллион теңге аралығында қаржылай қолдау ала алады.

Осындай қолдауға ие болғандардың қатарында үш баланың анасы Шынар Қалиева да бар.

«2015 жылы ұлымды даун синдромымен босандым. Мұндай жағдайды бірде-бір отбасы күтпейді, бұл жағдайға дайын болмайды деп те айтуға болады. Сол кезде маған мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған аналарды қолдау үшін құрылған «Мама Про» қоғамдық қоры көмектесті. Кәсіпкерлік қызмет негіздері бойынша курстар өткізген мықты және табысты әйелдер тобында болып, жолым болды. Бізге кәсіп ашарда бастапқыда не істеу керектігі, бизнес-жоспарды қалай дұрыс белгілеу керектігі, бухгалтерия негіздерін, шешендік өнерді үйрету туралы айтылды. Бірақ ең бастысы – психологтармен жұмыс, өйткені баланы оңалту, ең алдымен, ананы оңалтудан басталады. Барлық тренингтер, мастер-класстар мен оқытулар тегін өткізілді», – деді Шынар.
Тренингтердің бірінде ол коуч Арман Ақбердиевпен танысқан, өз кезегінде ол әкімдіктің «Бизнестің жол картасы 2025» байқауына қатысу үшін құжаттар қабылданып жатқанын хабарлаған.

Шынар қажет есептеулер жүргізіп, наубайханаға арналған жабдықтарды зерттеген, ал бизнес-жоспар әзірлеуге «Атамекен» ҰКП менеджері көмектесіпті.

«Біз барлық құжаттарды тапсырып, жауабын күтіп жүрдік. Мемлекеттік гранттың жеңімпаздары тізімінде фамилиямды көргенде қуаныштан жылап жібердім. Осылайша байқау адал және ашық өткізілгенін білдім. Міне осы арқылы «Солнечный» наубайханасына арналған алғашқы қымбат және сапалы жабдықты сатып алдым», – деді ол өз тәжірибесімен бөлісіп.

Өз сөзінде бұл грант мемлекет тарапынан үлкен көмек пен қолдау болғанын, өйткені мұндай сапалы жабдықты өз бетінше сатып ала алмайтынын айтып өтті.

«5 айдан кейін алғашқы өнімімізді шығардық: хот-догтарға арналған тоқаштар. Алғашқыда өзіміз жұмыс істедік, содан кейін қызметкерлер ала бастадық. Нәтижесінде алғашқы жылда 4 жұмыс орнын аштық. Бұл кәсіпте әкем мен әпкем көп көмектесті. Отбасының қолдауы мұндайда өте маңызды. Келесі жылында шығарған өнімдерімізді өз павильонымызда сататын күйге жеттік. Бәрін өзіміз шығарғаннан кейін өнімдеріміздің өзіндік құны төмендеді. Нәтижесінде бағасы да арзандады. Тұрақты клиенттеріміз пайда болды. Өнімдеріміздің түрлері де артты. Тоқаштардан бөлек нан, самса, бауырсақ, бәліш, беляш пісіретін болдық», – деп бөлісті бизнесвумен.

Алайда уақыт өте келе өндірістік қуат жетіспеушілігі пайда болыпты. Мұздатқыш камералар, тоңазытқыш жабдықтар, витриналар, тестілеу жабдықтары қажет болған. Оларды сатып алуға, бизнесін кеңейтуге ақша жетіспепті.

«Бизнестің жол картасы-2025» байқауы қайтадан жарияланған кезде құжаттарымды дайындап, бизнес-жоспарды есептей бастадым. Маған өндірісті кеңейту үшін жаңа жабдық сатып алу қажеттілігін көрсету және дәлелдеу қажет болды. Комиссияның дауыс беру қорытындысы бойынша мен тағы да 5 млн теңге көлемінде мемлекеттік грант алушылардың қатарында болдым. Бұл ақшаға тоңазытқыш және мұздатқыш жабдықтарды, қамырды илеу машиналарын және өндіріске қажет көптеген заттарды сатып алдық. Ұлттық мағына білдіру үшін наубайхана атауын «Бидай Фуд» деп өзгерттік. Әрине, бұл ірі өндіріс емес, әлі де өсуіміз қажет, бірақ ең маңыздысы – басы басталды, ал осы жолда келе жатқан адам кез келген қиындықты еңсереді», – деп Шынар сөзін түйіндеді.

Елордада мұндай грантқа ие болғандардың тағы бірі – жас кәсіпкер, Cinderella өзіне-өзі қызмет көрсету кір жуу желісінің негізін қалаушы Абылай Қасқабаев.

Кір жуу бөлмесін ашу идеясы Америкадағындай кез-келген адам заттарын жууға келе алатыны сияқты, достарымен әңгімелесу кезінде пайда болыпты. Олар түрлі ақпарат іздеп, нарықты зерттеген. Осылайша студенттерге арнап ландроматтар орнату туралы идеяға тоқталған.

«Біз қажет жабдықтар сатып алдық. Алғашқы кір жуғыш машинаны сатып алғаннан кейін қондырғылар үшін орын іздедік. Зерттей келе студенттік үйлер ең тиімді орын болып саналатыны білдік. Қаладағы колледждердің бірінің басшылығы ұсынысымызды қабыл алды. Арада азды-көпті уақыт өткеннен кейін машиналарды өзіміз шығару туралы шешім қабылдадық, корпус жасадық, монета коллекторларын сатып алуға болатын компания таптық, бағдарламашыларды қолдандық. Мұның бәрі бір жыл ішінде жүзеге асты», – деді Абылай.

Жас кәсіпкердің айтуынша, жобаның мақсаты – қала тұрғындары үшін пайдалы болу.

«Біз жобаны тек бір жаққа ғана тиімді етуге тырыспаймыз. Мақсатымыз – қоғам мен мемлекет үшін пайдалы болу. Компаниямыздың қызметкерлерінің көбі аутсорсингте жұмыс істейді: есепші, электрик, сантехник, инженер және бағдарламашы. Алдағы уақытта кадр құрамын ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Бұл байқауға қатысу жөнінде шешім қабылдадым, өйткені одан әрі даму үшін қаражат қажет болды. Мемлекеттік грант бізге жабдықтарымызды жақсартуға көмектесті. Біз кір жуғыш машиналарын құрастыру туралы ойға тоқталдық», – деді кәсіпкер.

Кез-келген адам QR кодын сканерлеп, кір жуу бөлмесіндегі жұмыс процесін бақылай алады. Жаңа технологиялар студентті белгілі бір уақыт аралығында кір жуғыш машинаның бос немесе бос емес екендігі туралы хабардар етеді. Пайдаланушылар үшін қызметтерді кез келген ыңғайлы тәсілмен төлеуге мүмкіндік бар.
«Бүгінде Қазақстанда жастардың бастамалары белсенді қолдауға ие болып жатыр. Жаңадан келген кәсіпкерлер пайдалы бизнесті ең басынан бастай алады. Бізге тегін бухгалтерлік және заңгерлік қызметтер мен мамандардың кеңестері ұсынылады. Жалпы, Нұр-Сұлтанда халықты жұмыспен қамту және табысты карьера құру тұрғысынан жаңа мүмкіндіктер пайда болып жатыр. Біз уақыттың ығайымен бірге жүруге тырысамыз. Мұнда кәсіпкерлік қызметпен айналысқысы келетін адам көп. Шағын компаниялардың ірі кәсіпорындарға айналғанын да көруге болады», – деп түйіндеді Абылай.