
Елордада Кешенді көлік схемасының тұжырымдамасы бекітілді. Бұл халықтың жыл сайынғы өсуін және жолдардағы трафиктің ұлғаюын ескере отырып, қалалық көліктің 10 және одан да көп жылға арналған бірыңғай техникалық пайымын әзірлеуге мүмкіндік береді.
«Жаңа сын-тегеуріндер мен урбанизацияны ескере отырып, жол-көлік инфрақұрылымын дамыту қаланың бас жоспарында жеке жоспармен айқындалды. Кешенді көлік схемасы (ККС) жаңа автомобиль көпірлерінің, көлік айрықтарының санын ұлғайтуды, көшелерді кеңейтуді, жолдарды тесу, қоғамдық көлікті жаңғыртуды және т. б. көздейді.
Мысалы, Ұлы дала даңғылында екі автокөлік көпірінің құрылысын жүргізіп жатырмыз, оны биыл аяқтауды жоспарлап отырмыз.
Ол Мәңгілік ел даңғылының, А.Байтұрсынов, Р.Қошқарбаев, Ж.Нәжімеденов көшелерінің, Nova city ауданының, «Мыңжылдық» аллеясының жүктемесін ішінара азайтуға мүмкіндік береді, жаңа «Нұрлы жол» вокзалының, Телман және Промышленный елді мекендерінің, Метро гипермаркеті ауданының, Жұмабаев даңғылы, Жүргенов көшесі және т.б. аумаққа оңай жетуді қамтамасыз етеді.
Сондай-ақ Есіл өзені арқылы Тәуелсіздік даңғылындағы көпірдің құрылысын жүргізіп жатырмыз, оның құрылысы 2023 жылы аяқталады. Бұрын сот процестері болды, барлық процедуралық мәселелер шешілгеннен кейін көпір құрылысы қайта басталды. Бұл көпір Тәуелсіздік даңғылы, жаңа теміржол вокзалы ауданы, Қошқарбаев даңғылы, Нәжімеденов көшесі, Әзірет Сұлтан мешітінің аумағы, Байтұрсынов көшесі, Қордай, Айнакөл, Момышұлы даңғылының сол жақ жағалауымен қосымша байланысты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Осы айда күрделі жөндеуден кейін Алаш тас жолы бойында көпір ашылды», – деді елорда әкімі Алтай Көлгінов.
Әкімдік жол инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөледі: биыл 100-ге жуық көше салынады және жөнделеді, соңғы 2 жылда 300-ге жуық көше жөнделді, олардың жартысы елді мекендерде орналасқан.
Фото: Александр Куприенко