Елордалық әуежайда ауыр атлетикадан әлем чемпионы Едіге Ембердіні қарсы алды

Елордалық әуежайда ауыр атлетикадан әлем чемпионы Едіге Ембердіні қарсы алды

Бүгін Нұр-Сұлтан халықаралық әуежайында ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатының жеңімпазы Едіге Ембердімен кездесу өтті. Жанкүйерлер, туыстар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері спортшыны гүл шоқтарымен және ду қол шапалақпен қарсы алды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Естеріңізге сала кетейік, 11-18 маусым аралығында Мексикалық Леонда ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты өтті. Жарысқа 39 елден 200-ден астам спортшы қатысты.

Қазақстан ұлттық құрамасы командалық есепте 12 алтын, 3 күміс және 6 қола медаль жеңіп алып, бірінші орынға ие болды.

Едіге Емберді, Ерасыл Саулебеков, Денис Полубояринов, Никита Абдрахманов үш алтын медаль алып келді. Надежда Ли екі күміс жүлдені жеңіп алды, Александра Беленконың есебінде – бір күміс және екі қола. Ерасыл Омаров тұғырдың үшінші сатысына үш рет көтерілді, Дарья Балабаюк ұлттық құрамаға қола медаль әкелді.

Сондай-ақ, әлем біріншілігінде отандасымыз Едіге Емберді әлем рекордын орнатып, чемпионаттың "үздік атлеті" атанды.