Нұр-Сұлтанда референдумға 406 мыңға жуық астаналық қатысты

Нұр-Сұлтанда референдумға 406 мыңға жуық астаналық қатысты

Қазақстанда Конституцияға енгізілетін түзетулер бойынша жалпыұлттық референдум өтті. Елордада еліміз үшін маңызды саяси оқиғаның өткізілу барысын қадағалаған халықаралық сарапшылар, тәуелсіз бақылаушылар оның дайындығы мен ұйымдастырылуына жоғары баға берді, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.

Орталық референдум комиссиясының деректеріне сәйкес, 5 маусым күні сағат 20:00-де Нұр-Сұлтандағы сайлаушылар тізіміне енгізілген азаматтардың жалпы санының 57%-ы бюллетень алды. Оның ішінде конституциялық түзетулерді 79,59%-ы қолдады.

Таңертеңнен бастап елордадағы сайлау учаскелеріне жұрт дауыс беру және сол арқылы елдің одан әрі дамуын айқындайтын маңызды мәселе бойынша өздерінің азаматтық ұстанымдарын білдіру үшін кезекке тұрды.

Қала әкімі Алтай Көлгінов бірінші болып дауыс берді, ол өз сөзінде референдумның өзін тарихи оқиға деп атады.

«Бүгін тарихи күн. Ел Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі жалпыхалықтық референдумда дауыс бердім. Осылайша азаматтық парызымды орындап, еліміздің одан әрі дамуы үшін өз дауысымды бердім», - деп атап өтті әкім. 

Қала бойынша барлығы 348 учаске жұмыс істеді, оның 248-і – ашық, 35-і – жабық, тағы 65-і дипломатиялық өкілдіктер мен елшіліктерде орналасқан.

Қала тұрғындары ел үшін маңызды сәттерде жауапкершілікті үлгі ету үшін отбасыларымен және балаларымен бірге қатысты.

Нақты себептермен өз учаскелеріне бара алмаған астаналықтарға үйінде отырып дауыс беру мүмкіндігі жасалды, оларға жәшіктері бар бюллетеньді арнайы көшпелі сайлау комиссиясы жеткізді.

Халықаралық сарапшылар республикалық референдумның өткізілуін жоғары бағалады.

«Күннің бірінші жартысында біз 10-нан астам учаскеге бардық, олардың алтауы Нұр-Сұлтанда, ал бесеуі Ақмола облысында орналасқан. Барлығы жақсы ұйымдастырылды және тыныш өтті. Белсенділік өте жоғары болды, біз жұрттың дауыс беруге белсене араласқанына куә болдық. Бәрі заң жүзінде орындалды. Тек елордада ғана емес, өңірлерде де барлық жағдай мен кәсібилік жоғары деңгейде ұйымдастырылды», – деп атап өтті Өзбекстан Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Зайниддин Низамходжаев.

«Халық тарапынан үлкен қызығушылық байқалды. Жалпы, дауыс беру кезіндегі атмосфера мерекелік көңіл-күй сыйлады деуге болады. Сайлау комиссиясы бәрін жоғары деңгейде ұйымдастырды. Түркі елдері үшін бұл референдум аса қызықты деп айта аламын», - деді Халықаралық Түркі академиясының вице-президенті, саясаттану ғылымдарының докторы Физули Меджидли.