
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Мамандандырылған балалар үйі» МКМ-нде, 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған «Ғарыш әлеміне саяхат» атты салтанатты іс-шара өтті. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлайды.
«Мамандандырылған балалар үйіне» бүлдіршіндерді мерекемен құттықтап, түрлі сыйлықтарымен қуаныш сыйлау үшін «Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің аппараты» ММ-нің Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі коммиссиясының бас инспекторы-хатшысы Қарлығаш Саркенова, әйелдер істері жөніндегі комиссия мүшелері, Нұр-Сұлтан қаласы Денсаулық сақтау басқармасы басшысы Тимур Мұратов, Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасы қамқоршы және қорғаншылық органы өкілдері, Нұр-Сұлтан қаласы Алматы ауданы полиция басқармасы өкілдері келіп, салтанатты мерекелік іс-шараның қадірлі қонағы болды.
Мерекелік іс-шараға қатысушылар Ғарышкер, Қарақшы, Кемпірқосақ, Күн және Бұлттармен бірге «Ғарыш әлеміне» саяхат жасады. Ғажайыпқа толы ғарыш әлемінде балалар өз өнерлерін ортаға салып, «Жұлдыздар», «Күн сәулелері», «Ақ бұлттар», «Күн жүйесіндегі ғаламшарлар», «Ғарышкерлер» биі мен «Зымыран» флешмобын билеп, «Жұлдыздарды жина», «Күн мен Жаңбыр» атты қызықты ойындарды ойнап, қуанышқа кенелді.
Сондай-ақ балаларды қорғау күні мерекесі аясында Данияр есімді бүлдіршіннің тұсау кесу рәсімі өткізілді. Қылықты балапандарға түрлі тәттілер мен әдемі ойыншықтар үйлестіріліп, мерекелік бағдарлама соңы есте қаларлық естелік суреттерге түсуге ұласты.