
Елордада Халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күніне орайластырылған айлық аясында, сондай-ақ Халықаралық балаларды қорғау күнін мерекелеуге орай елордалық балалар арасында есірткіге қарсы спартакиада өтті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Спартакиаданы «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамдық бірлестігінің қызметкерлері есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасымен, елорданың ювеналдық полициясымен бірлесіп, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің мәдениет басқармасының қолдауымен ұйымдастырды.
Спорттық іс-шара аясында «Отбасылық эстафета», «Жасөспірімдер жарысы» марафоны, арқан тарту, суреттер байқауы, шағын футболдан турнир өткізілді.
Жарыстың ашылу салтанатына ІІМ ардагерлер кеңесінің төрағасы милиция генерал-майоры Өмірзақ Болсамбеков қатысты. Өзінің құттықтау сөзінде ол қатысушыларға сәттілік тіледі. Байқауға барлығы 13 команда қатысты, олардың құрамында 350-ге жуық бала болды.
Спартакиада жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне дипломдар, медальдар және арнайы сыйлықтар, сондай-ақ қалалық мәдениет басқармасы ұйымдастырған концерттік бағдарламаның билеттері табысталды.