
Нұр-Сұлтан қаласының ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында конституциялық реформаларды түсіндіру бойынша Республикалық қоғамдық қолдау штабы мүшелерінің елордалық зиялы қауым өкілдерімен және мәдениет ұйымдарының қызметкерлерімен кездесу өткізді. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлайды.
Кездесуде ҚР Парламенті Сенат төрағасының кеңесшісі, «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің президенті Бибігүл Жексенбай, «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасы Төлеубек Мұқашев, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, республикалық «Парасат жолы» орталығының басшысы, жазушы Сәдібек Түгел, «Астана Ақшамы» газетінің бас редакторы Еркін Қыдыр және өзге де зиялы қауым өкілдері мен елордалық мәдениет ошақтарының басшылары бас қосты.
Қазақстан халқы Ассамблеясының «Ел бірлігі – жаңарған Қазақстанның тірегі» атты ХХХІ сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ата Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде республикалық референдум өткізуді ұсынған болатын.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Мемлекет басшысы болып сайланғанда өзінің бағдарламасының негізгі өзегі етіп үш мәселені көтерді. Бірінші – халықтың әл-ауқатын көтеру, екінші – әділеттілік, үшінші – мемлекетіміздің дамуы. Қазіргі болып жатқан реформалардың бәрі де Президентіміздің сайлауалды бағдарламаларының логикалық жалғасы деп қарастыру керек.
Мемлекет басшысы ұсынған конституциялық реформа еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуының жаңа сатысына, жаңа кезеңіне аяқ басқалы тұрғанын көрсетеді.
Қазір әлемдегі дамыған озық мемлекеттердің барлығының саяси жүйесі – демократиялық жүйе. Себебі, демократиялық жүйе экономикалық бостандыққа жол ашады. Бұл әлемдік тәжірибе, әлемдік үрдіс. Егер біз әлемдік бәсекеге қабілетті дамыған елдерден артта қалғымыз келмесе, шын мәнінде, демократиялық жүйеге көшуіміз керек. Алдағы конституциялық реформа туралы бүкіл халықтық референдум мемлекеттің болашағына әсер ететін, бұдан да жарқын келешектің іргетасын қалайтын аса маңызды күн деп ойлаймын», – деді «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасы Төлеубек Мұқашев.
Жиын қатысушылары Конституцияның ел дамуындағы рөлі мен конституциялық реформаның «Жаңа Қазақстанды» құрудағы маңыздылығын талқылап, өздерінің белсенді азаматтық ұстанымдарын білдірді.
«Мемлекет басшысы Жолдауында елімізде үлкен өзгерістер болатынын хабарлаған. Ең басты мәселе Президент өз өкілеттігін күшейтіп жатқан жоқ. Керісінше өз өкілеттігін бөлісіп, суперпрезиденттіктен кетіп жатыр. Мемлекет басшысы әкім тағайындау кезіндегі мәслихаттың рөлін күшейтті. Заңның үштен бірі өзгергелі тұр. Мұның өзі Қазақстанды үлкен өзгерістер күтіп тұрғанын білдіреді. Ширек ғасырдың ішінде референдум екінші рет өткелі тұр. Егер жаңа Қазақстанға қадам басамыз десек референдумды қолдап, дауыс беруіміз керек», – деді «Астана ақшамы» газетінің бас редакторы Еркін Қыдыр.