
Бүгін Халықаралық Отбасы күні аясында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның бастамасымен және Есіл ауданы әкімдігінің қолдауымен елордалық Ботаникалық бақта «Отбасылық ағаш» атты ағаш отырғызу іс-шарасы өтті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Елордадағы Ботаникалық бақта ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі өкілдерінің қатысуымен адами құндылықтарды және отбасы мен некенің маңыздылығын насихаттауға, отбасы мәртебесін арттыруға бағытталған іс-шара өтті.
«Бүгін халықаралық Отбасы күні аясында ағаш отырғыздық. Ағаш отырғызуға «Мерейлі отбасы-2022» байқауының жеңімпаздары да қатысты. Жалпы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия жұмысын жандандырды, бұл – осы бағыттағы дамудың жаңа кезеңі. Осы мәселені бақылауда ұстаймыз. Бүгін біз 20-ға жуық ағаш отырғызамыз. Жыл сайын бұл аллея кеңейе түседі деп ойлаймын», – деп өз ойымен бөлісті елорда әкімінің орынбасары Берік Жәкенов.
Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның мүшесі Қарақат Әбден халықаралық Отбасы күніне арналған іс-шараның маңыздылығын айрықша атап өтті.
Ағаш отырғызу іс-шарасына қоғам қайраткерлері, отбасылық саясат саласындағы сарапшылар, танымал журналистер мен блогерлер қатысты.
Айта кетейік, бүгін, 15 мамырда отбасылық құндылықтарды насихаттауға бағытталған «Мерейлі отбасы-2022» ұлттық байқауы басталды.
Конкурсқа еңбек, спорт, шығармашылық, зияткерлік, ғылыми жетістіктері бар, сондай-ақ қоғамдық пайдалы қызметке (волонтерлік, қайырымдылық, меценаттық, тәлімгерлік) қатысатын отбасылар жіберіледі.
Байқау лауреаттары атағы Қазақстанның барлық өңірінен келген 17 үздік отбасыға беріледі.
Қатысуға ниет білдірушілер өз өтінімдерін 2022 жылғы 15 маусымға дейін өңірлік комиссияларға жібере алады.
Конкурс лауреаттарын салтанатты марапаттау рәсімі Отбасы күні қарсаңында өтеді, ол қыркүйектің әрбір екінші жексенбісінде атап өтіледі.