
Елордада еркін күрестен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ардагерлер арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Қалқабай Бопиев атындағы жүлде үшін өткен республикалық турнир аяқталды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Екі күн бойы еліміздің түкпір-түкпірінен жасындай жарқылдаған 500-ге жуық жас қыран бозкілемнің шаңын қақты.
Республикалық турнирдің шымылдығын Мәдениет және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев ашты.
Жас жеткіншектердің алдында сөз алған вице-министр жас балуандарға сәттілік тілеп, алдағы уақытта ел намысын байрақты додаларда қорғайтын чемпион болыңдар деген ақ тілегін білдірді.
Біріккен күрес әлемінің (UWW) ережелеріне сәйкес өткен турнирде 2008-2013 жылғы жастар 12 салмақ (23, 26, 29, 32, 35, 38, 42, 46, 52, 57, 62, +62 келі) дәрежесі бойынша күш сынасты.
Аталмыш жарыстың басты мақсаты – Қазақстан Республикасы Президентінің жолдауындағы бұқаралық спорт және балалар жылын жүзеге асыру, елімізде еркін күресті танымал ету.
Командалық есепте 1-орынды Алматы облысы қанжығалады. Нұр-Сұлтан қаласының құрама командасы күміс жүлдені уысына түсірсе, Жамбыл облысының еркін күрес шеберлері қоланы қоржынға тоғытты.
Жеңімпаздар дипломдармен, медальдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталады.
Айта кетейік турнир Нұр-Сұлтан қаласындағы Ж.Үшкемпіров атындағы «Жекпе-жек» сарайында өтті.