
Нұр-Сұлтанда 7-8 сынып оқушылары арасында химия және биология пәндерінен өңірлік олимпиада өтті. Оған еліміздің 7 облысынан келген оқушылар қатысты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Екі күн бойы оқушылар тапсырмаларды орындап, медальдар мен елдің олимпиадалық резервіндегі орындар үшін бақ сынады.
«Елордада химия және биология пәндері бойынша жасөспірімдер арасында бірінші өңірлік олимпиада өтті. Бұл іс-шараның мақсаты – алдағы уақытта өз өңірлерін таныстыратын Қазақстандағы оқушылардың Олимпиадалық резервін дайындау. Біз мұнда 7 облыстың оқушыларын шақырдық. Олар: Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Атырау, Қарағанды, Павлодар, Қостанай, Ақмола облыстары. Оған Нұр-Сұлтан қаласының командасы да қатысады. Біздің олимпиадаға 2 күн бойы 140 бала қатысты. Бүгін олимпиаданы қорытындылап, марапаттау рәсімін өткіздік», - деді «Астана Дарыны» орталығының директоры Ғаждембек Тұрсынов.
Естеріңізге сала кетейік, зияткерлік сайыстар елорданың білім басқармасы мен «Дарын» орталығының қолдауымен Қазақстандағы балалар жылын мерекелеу аясында ұйымдастырылды.
«Менің мұғалімдерім жақсы. Олар оқушыларын жақсы көреді, балаларының қарым-қабілетін бағалайды, түсінбегенімізді қосымша сабақтан кейін үйретеді. Міне осының арқасында қазір осындамын. Мен қазақстандық команданың құрамында болғым келеді», - деп бөлісті Павлодар қаласының №8 мектеп-лицейінің оқушысы Игорь Кравчук.
«Сабақтан тыс уақытта биологияны қосымша үйренемін. Бұл мен үшін оңай, сондықтан мен жақсы нәтижелерге қол жеткіземін деп ойлаймын. Қазір ата-анам басқа қалада, оларға осы олимпиадаға қатысып, жүлделі орын алғанымды әлі айтқан жоқпын. Мен өте қуаныштымын», - деді «NURORDA» мектеп-лицейінің оқушысы Дана Амангелді.