Елордадағы елді мекенде тегін үйірмелері бар орталық ашылды

Елордадағы елді мекенде тегін үйірмелері бар орталық ашылды

Елордадағы елді мекенде тегін үйірмелері бар «Koktal Junior Hall» спорттық-шығармашылық орталықтың салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Жаңа көпфункционалды кеңістікте балалар мен жасөспірімдерге арналған тегін спорттық секциялар мен шығармашылық үйірмелер бар.

2000 балаға арналған орталықта домбыра, ұлттық би, балет, эстрадалық вокал, хормен ән айту және хореографиялық ансамбль сабақтары өткізіледі. Спорт әуесқойлары үшін қазақша күрес, бокс, каратэ, спорттық гимнастика, үстел теннисі және шахмат бойынша секциялар қарастырылған.

Сондай-ақ, ақылы негізде мектепке дейінгі білім беру бағдарламалары, математика және ағылшын курстары бар.

«Енді «Көктал-2» елді мекенінің балалары қадамдық қолжетімділікте орналасқан үйірмелері бар тағы бір заманауи орталыққа келе алады. Біз балалар мен жасөспірімдердің жан-жақты дамуы үшін барлық жағдайды жасауға тырысып жүрміз», - деп атап өтті Koktal Junior Hall әкімшілігі.

Спорттық-шығармашылық орталық күн сайын сағат 08:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Мекен-жайы: Ұлытау 1/1.