Елордалық "Астана жастары" орталығы Telegram-боттарды іске қосты

Елордалық "Астана жастары" орталығы Telegram-боттарды іске қосты

Құжаттарды цифрландыруға, ақпаратты электронды түрде алуға, сондай-ақ кері байланыс арналарын арттыруға байланысты "Астана жастары" жастар ресурстық орталығы Telegram-боттарды іске қосты, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Telegram-боттар екі тілде қол жетімді: орыс тілінде - https://t.me/Astanajas_NSbot, қазақ тілінде - https://t.me/AstanaJastary_Qazbot

"Telegram-ботта жастар арасындағы өзекті әлеуметтік мәселелер, Жастар бастамаларын қолдау, осы бастамаларды іске асыруға бағытталған гранттар, жастарды игі іске тарту, жастар үшін түрлі бағыттағы жобалар бойынша жаңартылған ақпаратпен танысуға болады", - деп түсіндірді "Астана жастары" ЖРО басшысының орынбасары Аян Ерментаев.

Айта кетейік, "Астана жастары" ЖРО жастар саясатын жүзеге асырудың келесі бағыттары бойынша 14-29 жас аралығындағы жастармен жұмыс істейді:

- NEET санатындағы жастармен жұмыс, атап айтқанда, тұрақты жұмысы жоқ, қандай да бір оқу орнында оқымайтын, азаматтық саяси белсенділігі төмен жастардың санын азайту, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу;
- Волонтерлік қозғалысты дамыту, оның ішінде жастардың жеке дамуына үлес қосатын, елдің дамуына ықпал ететін түрлі мәдени-бұқаралық, әлеуметтік, экологиялық іс-шараларға белсенді қатысатын волонтерлерді қалалық штабқа тарту;
- Аула клубтарын дамыту, елордада 14-29 жас аралығындағы жастардың уақытын тиімді пайдалану, спортта, өнерде, қолөнерде шығармашылық жетістіктерге жетелейтін үйірмелердің жұмысын жақсарту;
- Заңгерлік және кадрлық жұмыстарға көмек көрсету, осы мәселеде қиындықтарға тап болған жастарға тегін кеңес беру және қолдау көрсету;
- Жастар бастамаларын қолдау шеңберіндегі жоба негізінде жастардың креативті, пайдалы ойлауын қолдау.