Елордалық жасөспірімдер хоккейден Қазақстанның алты дүркін чемпионы атанды

Елордалық жасөспірімдер хоккейден Қазақстанның алты дүркін чемпионы атанды

17-21 сәуір аралығында Нұр-Сұлтан қаласында 2005 жылы туған балалар мен жасөспірімдер командалары арасында шайбалы хоккейден Қазақстан Республикасы Чемпионатының IV кезеңі өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Жарыс «Барыс» спорт кешенінде өтті, оған Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Өскемен және Алматы қалаларынан бес команда қатысты. Елордалық «Астана-1» командасы қарсыластарына бір де бір мүмкіндік қалдырмай, ел чемпионы атанды. Чемпионаттың күміс медалін "Торпедо" (Өскемен қ.) командасы алса, үшінші орынды Қарағандының "Юность" командасы иеленді. Елордалық "Астана-2" командасы жарыста төртінші болды.

"Астана-1" командасының бас бапкері Антон Васин бұл ел чемпионатындағы балалардың алтыншы жеңісі екенін атап өтті.

«Осы маусымда біздің команда чемпионатқа ғана емес, Jastar hockey ligasy-на да қатысты. Біздің команда алтыншы рет чемпион атанып отыр. Бұл жақсы нәтиже. Жалпы, команданың ойынына ризамын, балалар өздерін көрсетті. Үздік қорғаушы Бейбарыс Оразов болса, үздік шабуылшы Мадихан Контуганов атанды. Мен өзім максималистпін және бір нәрсені айтайын, арманға жету үшін мақсат қоя білу керек. Біз жеңіске жететін, үлкен мақсаттар қоямыз. Алдағы жылға әлемдік спорт ареналарында біздің көк туымызды көтеру, Мемлекеттік Гимнді орындау үшін бар күш - жігерімізді салу және жоғары нәтижелер көрсету жоспарда бар», – деді Антон Александрович.

Айта кетейік, бұл 2005 жылы туған елордалық жасөспірімдер арасындағы соңғы чемпионат.