
Бүгін елорда әкімі Алтай Көлгіновтің төрағалығымен құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Отырыс барысында мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар құқық бұзушылықтың алдын алудың 2020-2022 жылдарға арналған кешенді жоспарын іске асыру мәселелерін қарады.
Сөз сөйлеу кезінде отырысқа қатысушылар елордалық полицейлердің құқықтық тәртіпті нығайтудағы және полиция жұмысының сервистік тәсілдеріне көшудегі жұмысының оң сәттерін атап өтті. Сондай-ақ, қылмыстың алдын алу мәселелері мен оларды шешу жолдары талқыланды.
Жасөспірімдер арасында қылмыстың алдын алу және елорданың білім беру мекемелерінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері арнайы түрде қаралды.
Сонымен қатар, жол қауіпсіздігін арттыру және жол инфрақұрылымын дамыту бойынша мемлекеттік органдар қабылдайтын шаралар туралы мәселе қаралды.
Отырыс қорытындысы бойынша әкім мемлекеттік органдар мен мекемелердің басшыларына тиісті тапсырмалар берді.