
Бүгін әкімдікте елорда әкімі Алтай Көлгіновтің төрағалығымен Нұр-Сұлтанның терроризмге қарсы комиссиясының отырысы өтті. Отырыста деструктивті діни ағымдарға қарсы іс-қимыл бойынша алдын алу шаралары талқыланды, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.
Отырыста комиссия мүшелері білім беру, жастар саясаты мәселелері, дін істері, цифрландыру және мемлекеттік қызметтер басқармаларының, сондай-ақ қалалық полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының басшылары сөз сөйледі.
Күн тәртібіне сәйкес кәмелетке толмағандар арасында деструктивті діни ағымдар идеологиясының таралуының алдын алу және оған жол бермеу, 2022 жылға белгіленген көрсеткіштерге қол жеткізу, 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы мәселелері талқыланды.
Сондай-ақ, комиссия мүшелері террористік тұрғыдан осал нысандардың терроризмге қарсы қорғалу деңгейін арттыру жөніндегі шараларды талқылады.
Отырыс соңында елордада діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бойынша жұмыстарды жалғастыруға ерекше назар аударылды.