Елордада «Шаттық-2022» шығармашылық байқауына қатысушыларды тыңдау аяқталды

Елордада «Шаттық-2022» шығармашылық байқауына қатысушыларды тыңдау аяқталды

Нұр-Сұлтанда Балалар жылы аясында балалар мен жасөспірімдер арасында XV «Шаттық-2022» мерейтойлық қалалық шығармашылық байқауы жалғасуда. Іріктеу турлары елорданың 8 жерінде өтті. Жақында байқауға қатысушыларды тыңдау аяқталып, үздіктерді марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.

Биыл қазылар алқасының алдында елордалық 115 білім беру мекемесінің 4 мыңнан астам оқушысы өз таланттарын көрсетті.

Жеті күн бойы шығармашылық ұжымдар мен жеке орындаушылар «Хореография», «Аспаптық жанр/жеке орындаушылық», «Аспаптық жанр/ансамбльдер», «Вокалдық жанр/жеке орындаушылық», «Вокалдық жанр/ансамбльдер», «Хор», «Театр өнері», «Вокал жанры / ансамбльдер», «Фотография», «3D модельдеу» номинацияларында бақ сынады.

Қазылар алқасы байқауға қатысқан оқушылардың дайындығы жоғары деңгейде екенін атап өтті.
«Осы жылды Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев балалар жылы деп жариялады, оның аясында бізде XV «Шаттық-2022» балалар мен жасөспірімдердің фестиваль-байқауы өтуде. №1 Балалар музыка мектебінде жеке, эстрадалық, академиялық вокал, дәстүрлі ән номинациялары бойынша іріктеу туры өтті. Оған жалпы білім беретін мектептердің, колледждердің 153 оқушысы қатысты. Балалардың дайындығы жоғары деңгейде», - деді Нұр-Сұлтан қаласының №1 Балалар музыка мектебінің директоры Болат Қыдырманов.

Қазылар алқасының мүшесі, Қазақ ұлттық өнер университетінің оқытушысы Дәулет Тапенов «Шаттық» – жас таланттардың шығармашылық қабілетін көрсетуге тамаша мүмкіндік екенін атап өтті.

«Дарынды балаларды қолдауға арналған бұл байқау жыл сайын өткізіледі. Бұл балаларды шығармашылыққа баулудың және сахнаға деген сүйіспеншілікті оятудың тамаша мүмкіндігі деп санаймын. Ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін», - деді ол.

Жас әртістер биылғы фестивальде Қазақстандағы балалар жылына арналған «Балалық шақ – басты назарда» идеясын көрсетуге тырысты.

«Бұл байқау апталығы мазмұнды, қызықты әрі қызу өтті. Фестиваль көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Қатысушылар өздерінің жоғары деңгейі мен шеберлігін көрсетті. Қазылар алқасы үздіктерді анықтауда қиналды деп ойлаймын. Осындай ауқымды іс-шараға қатысу үлкен жетістік», - деді Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасының Кәмелетке толмағандарды қосымша білім беру және әлеуметтендіру бөлімінің басшысы Гүлфара Сарамбетова.

«Фестивальге біраз уақыт дайындалдық, костюмдерімізді әзірледік. Осындай ауқымды іс-шараға қатысу –қатысушылар үшін үлкен тәжірибе. Уақыт пен күш бекер жұмсалмағанына өте қуаныштымын. Қола да жақсы көрсеткіш. Ары қарай тырысамыз», - деп бөлісті №38 мектеп-лицейінің «Кербез» би ұжымының жетекшісі Әйгерім Болат.

Естеріңізге сала кетейік, 7 сәуір күні М.Өтемісов атындағы Оқушылар сарайында балалар мен жасөспірімдер арасындағы XV мерейтойлық «Шаттық-2022» қалалық шығармашылық байқауының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Фестиваль қорытындысы бойынша Қазақстандағы балалар жылына арналған «Балалық шақ – басты назарда» гала-концерті өтеді. Іс-шара 30 сәуірде өтеді.