
Нұр-Сұлтанда Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қабырғасында студенттермен ұлттық, отбасылық құндылықтардың маңызы жөнінде кездесу өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің әйелдер және отбасы демографиялық комиссиясының мүшелері студенттер алдында осы тақырыпта еркін форматта әңгіме өрбітті, сол сияқты студенттерге арнап «сұрақ-жауап» сессиясын өткізді.
Өз кезегінде студенттер қауымы да көкейде жүрген сауалдарын қойып, тұщымды жауап ала алды.
«Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде 1-2-курс студенттерімен бірлесіп, ауқымды іс-шара өткіздік. Ол Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің әйелдер және отбасы демографиялық комиссиясының мұрындық болуымен және алда келе жатқан Ғашықтар күні орайластырылып, «Жаңа Қазақстан, отбасы және ұлттық құндылықтар» атты тақырыпта ұйымдастырылды.
Комиссия мүшелерінің айтқан әр сөзіне құлақ асып, жастардың сұрақтарына кеңінен, толыққанды жауап беруге тырыстық. Себебі бүгінгі жастардың мойнында еліміздің ертеңі жүктеледі. Сол себепті жастармен тығыз қарым-қатынаста болуға тырысып келеміз», - деді Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының депутаты Назгүл Мақжан.
Сонымен қатар «Отбасылық құндылықтар» жұмыс тобының мүшелері жастар арасында дәстүрлі отбасылық құндылықтарды нығайту, неке және отбасы институтын нығайту туралы айтып берді.