
Елорда әкімдігінің сайтында Bus Lane-де жеке автокөліктердің қарбалас уақыттан тыс және демалыс күндері жүру мәселесі бойынша наурыз айының басында дауыс беру өтті. Онлайн-дауыс беруге 706 адам қатысты, респонденттердің 58%-ы елорда жолдарында көлік нөпіріне алып келеді деп санайды, ал 41%-ы бұл бастамаға қолдау білдірді, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.
Автобус жолақшаларын пайдалану туралы шешім қабылдамас бұрын, «қарбалас уақыт» деп аталатын сәтті анықтау керек.
«CTS» көлік компаниясының жол қозғалысын ұйымдастыру бағытының жетекшісі Думан Ысқақов қарбалас уақыт нақты емес екенін және көлік кептелісі кешкі сағат 9-ға дейін созылуы мүмкін екенін айтты.
«Таңертеңгі сағат 7:30-дан басталып, 10:00-ге дейін созылуы мүмкін, сол сияқты аралық уақыт бар, түскі уақытта кейде 13:00-ден 14:00-ге дейін көлік көп жүреді. Негізгі қарбалас шақ – кешкі уақытта, кейбір учаскелерде 3-4 сағатқа дейін созылады, ол шамамен 18:00-ден басталып, 21:00-ге дейін жалғасуы мүмкін», - дейді сарапшы.
Мысалы Бөгенбай батыр, Республика даңғылдарында, тіпті демалыс күндері де қарбалас уақыт тұрақты болып келеді. Әдетте сауда орталықтары, базарлар және т.б. сияқты қала тұрғындары үшін тартымды нысандардың орналасуына байланысты. Тек түнгі уақытта ғана аталмыш көшелердегі трафик азаяды, алайда күндіз бұл маңайда көлік көп жүретіні байқалады.
«BusLane жолағындағы көліктер саны күрт артуы мүмкін. Бірақ автобустағы жолаушылар 10 есе көп болғандықтан, жеке көлікпен жүретін адамдар саны азаяды», - деп түсіндірді Думан Ысқақов.
Нұр-Сұлтандағы жолдар кең болғанына қарамастан көптеген магистральдық және қосалқы көшелердегі кептелістер қарбалас уақытта ғана емес, күннің ортасында да басты проблема болып қала береді.
Егер жеке автокөлікке автобус жолағына кіруге рұқсат етілсе, бұл жолдардағы жол-көлік оқиғаларының көбеюіне әкелуі мүмкін әрі жолдағы жағдайды одан әрі ушықтырады, дейді сарапшы.
«BusLane жолымен жүруге болатын өтпелі кезеңде жүргізушіге жүрер жолын қайта құру қажет, ал осы сәтте бірнеше көлік бір уақытта автобус жолақшасына бағытын бұруы, тиісінше маневрлер, қақтығыс жағдайлары болуы мүмкін. Мұның барлығы автобус үшін ғана емес, жедел жәрдем көліктеріне, өрт сөндіру машиналарына, арнайы қызметтерге де кедергі келтіреді, бұл қала үшін жағымсыз салдарға әкеледі», - деп түсіндірді маман.
Қала қарқынды дамып келеді, тұрғындар саны артып, зәулім ғимараттар бой көтеруде. Дегенмен инфрақұрылым желісі елорданың өсуіне ылғи да ілесе алмайды. Осы себепті елорда қоғамдық көліктің жалғыз түрі болып саналатын автобус тапшылығын бастан кешіп отыр. Бұл көліктерде ғана емес, кадрларға да қатысты. Қазір қалаға 400 автобус пен 700-ден астам қоғамдық көлік жүргізушісі жетіспейді.
Сарапшының айтуынша, автобус жолағын қарбалас уақыттан тыс пайдалану жөнінде бастама өте қолайсыз.
«Жүргізушілер, автобустар жетіспейді. Ал белгілі бір уақыт аралығында автобус жолағы арқылы жеке көлікпен жүруге рұқсат етілген жағдайда, қоғамдық көлік қозғалысы баяулайды, сол сияқты автобустар, жүргізушілер неғұрлым көп қажет, бұл мемлекеттік қорға қосымша күш түсіреді», -дейді Думан Ысқақов.
Естеріңізге сала кетейік, 2015 жылдан бастап елордада Bus Lane арнайы бөлінген жолағының жобасы жалпы ұзындығы 73,6 км көшенің 26 учаскесінде енгізілген. Bus Lane енгізу есебінен бөлінген жолақ бойынша қоғамдық көлік қозғалысының тиімділігі 25%-ға жетеді, оның ішінде жол жүру уақыты орташа есеппен 10 минутқа қысқарды. Мысалы, арнайы жолақ арқылы ұзақтығы 15 км маршрут бойынша автобус қозғалысы кезінде жүру уақыты – 40 минут, ал қалыпты жолдарда 50 минутты құрайды.