Балалар мен жасөспірімдер арасындағы дәстүрлі қалалық ХV «Шаттық-2022» шығармашылық байқауының іріктеу турлары қалай өтуде?

Балалар мен жасөспірімдер арасындағы дәстүрлі қалалық ХV «Шаттық-2022» шығармашылық байқауының іріктеу турлары қалай өтуде?

Елордада балалар мен жасөспірімдер арасындағы дәстүрлі қалалық ХV «Шаттық-2022» шығармашылық байқауы аясында іріктеу турлары жанрына байланысты қаламыздың сегіз жерінде өтіп жатыр, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.

Бүгін Төлеген Айбергенов атындағы №16 орта мектебінде ХV «Шаттық-2022» шығармашылық байқауы аясында аспапты ансамбльдер жанры бойынша іріктеу туры өтіп жатыр. Бір ғана аспапты ансамбльдер жанры бойынша турға елордамыздың 54 мектебінен 171 дарынды бала қатысуда.

«Міне бүгін балалар мен жасөспірімдерге арналған «Шаттық-2022» байқауы аясында аспапты ансамбльдер жанры бойынша іріктеу туры өтуде. Шараға Нұр-Сұлтан қаласындағы 54 мектептен 171 бала қатысуда. Негізгі мақсаты – балалардың өнерге деген құштарлығын ашу, сахнаға бейімдеу. Өздеріңіз білетіндей, Президент тапсырмасына сәйкес, биыл балалар жылы деп жарияланды. Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, балаларға ерекше назар аудару керек. Себебі олардың амандығы – мемлекетіміздің жарқын болашағының сенімді кепілі. Сондықтан да бүгінгі шара сол балаларға ерекше назар аудару, олардың шығармашылық әлеуетін дамытуға септігін тигізеді десем болады», – деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «№1 өнер мектебі» МКҚК директоры Фархад Сәбиев.

Ал Дінасыл есімді өнерлі оқушы болашақта өмірін шығармашылықпен байланыстыратынын жеткізді.

«Мен бүгінгі шараға біраз уақыт дайындалдым. Жарысқа дайындалу оңайға түспеді. Бүгін жақсы өнер көрсеттім деп ойлаймын. Байқауға қатысқан себебім – Қазақстанның ұлттық домбырашысы болғым келеді. Осындай жарыстарға қатысып, жүлделі орындар алғым келді», – деді қатысушы.

Қазылар алқасының мүшесі, Қазақ ұлттық өнер университетінің оқытушысы Дәулет Тәпеновтің айтуынша, балалар мен жасөспірімдердің дайындығы жоғары дәрежеде.

«Шаттық шарасы – өнерлі балаларды қолдауға көмектесетін байқау. Жыл сайын өтіп тұрады. Балаларды шығармашылыққа баулиды және жас өнерпаздардың халық алдында өнер көрсетуіне таптырмайтын мүмкіндік деп ойлаймын. Ұйымдастырушыларға алғыс білдіремін», – деді ол.

Аталған шара Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен бүкіләлемдік пандемияға байланысты 2 жылдық үзілістен кейін биыл 15-ші рет өткізілуде. Балалар жылы аясында кең ауқымда өтіп жатқан «Шаттық-2022» шығармашылық байқауының мақсаты балаларымыздың үйлесімді дамуын қамтамасыз ету. Балалар мен жасөспірімдерге өз өнерін жұрт алдында көрсетуге, танытуға мүмкіндік беру, сондай-ақ шығармашылық әлеуетті дамытып, кәсіби біліктілікті жоғарылатуға көмектесу.

Естеріңізге сала кетейік, 7 сәуірде балалар мен жасөспірімдер арасында «Шаттық-2022» XV мерейтойлық қалалық шығармашылық байқауының салтанатты ашылу рәсімі М.Өтемісов атындағы Оқушылар сарайында өтті. Биыл фестивальге елорданың 115 білім беру ұйымынан 4 мыңнан астам бала қатысуда. Фестиваль қорытындысы бойынша Қазақстандағы балалар жылына арналған «Балалық шақ – басты назар» ұранымен гала-концерт өтеді.