Елорданың коммуналдық қызметтері қалада санитарлық тазарту жұмыстарын жүргізіп жатыр

Елорданың коммуналдық қызметтері қалада санитарлық тазарту жұмыстарын жүргізіп жатыр

Елордада күн жылынып, көктемнің лебі білінген сәттен бастап көпірлерді, қоғамдық кеңістіктерді, аулаларды және қалалық инфрақұрылымның өзге де нысандарын санитарлық тазалау жұмыстары жүргізілуде. Коммуналдық қызметтер қоқыстан тазартып, еріген қар суын арнайы техникамен сорып алады, сол сияқты тротуарларды, асфальтты, қоршауларды жуумен айналысады, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.

Санитарлық тазарту жұмысына сыпыру-жинау, суару-жуу машиналары және өзге де техникалар жұмылдырылған. Тротуарларды, асфальтты, қоршауларды, жер асты өткелдерін, жол белгілерін, жиектастарын, қоқыс жәшіктерін батпақтан тазартып, жуу жұмыстары жүргізілуде.

«Ауа райы жылынған уақыттан бастап Сарыарқа ауданының көшелерін санитарлық тазалау жұмысына кірістік. Оған 431 жол жұмысшысы және 159 бірлік арнайы техника жұмылдырылды. Тазарту жұмысы тәулік бойы жүргізіледі. Тротуарлар мен асфальт, қоршаулар, жерасты өткелдері, жол белгілері жуылады. Қоқыс жәшіктері толығымен тазаланады. Осы жұмыстар үшін суару-жуу және сыпыру-жинау машиналары іске қосылды», - деді Сарыарқа ауданы әкімі аппаратының коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Темірлан Аринов.

Ұзаққа созылған қыстан кейін коммуналдық қызметтер елорданың барлық ауданында санитарлық тазалауға кірісті. Қолайлы ауа райының басталуымен жер асты өткелдерін, қоршауларды, көпірлерді, жол белгілерін жуу, асфальт пен кірме жолдарды тазалау жұмыстары басталды.

Айта кетейік, 16 сәуір мен 16 мамыр аралығында қалада жалпықалалық сенбіліктер өтеді. Тұрғындарды оған қатысуға шақырамыз.