Жерұйық саябағында ерекше балалардың қатысуымен жылы жаққа ұшатын құстарға арналған экоакция өткізілді

Жерұйық саябағында ерекше балалардың қатысуымен жылы жаққа ұшатын құстарға арналған экоакция өткізілді

Алматы ауданы әкімінің аппараты Green Tal әлеуметтік шеберханасымен және «Бақытты шаңырақ» қоғамдық қорымен бірлесе отырып, Жерұйық саябағында «Құстарға көмектес – өз қолыңмен құс ұясын жаса» атты бірегей экологиялық акция өткізді. Іс-шараға ерекше балалармен жұмыс істейтін қоғамдық қордың қамқорлығындағы мүгедек балалар қатысты.

Акцияға қатысушылар Астаналық саябақта жылы жаққа ұшатын құстарға арналған 50-ге жуық түрлі-түсті құс ұясын орнатты. Бір айта кетерлігі, құс ұяларын мүгедек жандар жасаған.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылды балалар жылы деп жариялады. Алматы ауданының әкімдігі балаларымызға әрдайым қолдау көрсетіп, көмектесуге дайын. Біз осындай іс-шараларды қуана-қуана өткіземіз. Бүгінгі мереке – экологиялық акция сіздерге, балаларға арнап, Green Tal әлеуметтік шеберханасы мен «Бақытты шаңырақ» қоғамдық қорының қолдауымен ұйымдастырылды. Осы үшін алғысымды білдіремін», – деді Алматы ауданының әкімі Нұрбол Нұрсағатов.

«Бүгін Алматы ауданы әкімдігінің қолдауымен «Бақытты шаңырақ» қоғамдық қорымен бірлесіп ерекше балаларға арналған таңғажайып іс-шара өтіп жатыр. Біз халықаралық Құстар күнінде ерекше қажеттілігі бар балалардың басын қосып, оларға мереке ұйымдастыру үшін 50 құс ұясын орнатуды ұйымдастырдық. Балалар мерекелік көңіл-күйге бөленіп, құстарға арналған ағаш ұяларды әсемдеуі үшін бояулар, қылқалам, алжапқыш, қолғап сатып алды. Сондай-ақ, викториналар өткізіп, құс ұяларын орнатты. Айта кетейік, құс ұясын жасауға шеберханамыздың 17 қызметкері қатысты, оған 3 күн кетті», – деді Green Tal әлеуметтік кәсіпорнының басшысы Эмин Әскеров.

Оның айтуынша, акция алғаш рет өткізіліп отыр. Ұйымдастырушылар игі істер барлық жерде жасалуы үшін осы эстафетаны өзге ұйымдарға жолдауға ниетті.

«Құстарға көмектес – өз қолыңмен құс ұясын жаса» экологиялық акциясы кезінде кішкентай қатысушылар үшін құстардың өмірі, тіршілігі туралы қызықты дәріс, сол сияқты аниматорлардың қатысуымен түрлі сыйлықтары бар викторина және ойын-сауық бағдарламасы өткізілді.

Естеріңізге сала кетейік, көктемгі экологиялық акцияның мақсаты – табиғатқа мейіріммен қарауды насихаттау, құстар мен экологияны қорғау, сондай-ақ ерекше балалардың бос уақытын пайдалы өткізу.