
Нұр-Сұлтан қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы мемлекеттік грант беруге конкурс жариялады. Қабылдау 1-15 сәуір аралығында жүргізіледі. Бұл туралы онлайн брифингте Нұр-Сұлтан қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Сапаров мәлім етті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Өткен жылдан бастап конкурс өтінім берілген сәттен бастап шарттарға қол қойылғанға дейін толық автоматтандырылған. Құжаттар тек онлайн режимде бизнесті қолдауға арналған цифрлы платформада қабылданады.
«Осы жылға бөлінген қаражат көлемінің 20%-ы халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын шағын кәсіпкерлік субъектілерін қолдауға бағытталады және республикалық бюджеттен бөлінген 45 млн теңге 29 жасқа дейінгі жас кәсіпкерлерді ғана қолдауға арналған. Егер гранттың ең жоғары сомасы бойынша есептесек, кем дегенде 69 кәсіпкер грант алады», – деп түсіндірді спикер.
Ол сондай-ақ биыл енгізілген бағдарламаны іске асырудағы өзгерістер туралы айтып берді.
Бағдарламаға жеке кәсіпкер/ЖШС ретінде тіркелген, сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласында кәсібін дөңгелетуді жоспарлайтын шағын кәсіпкерлік субъектілері қатыса алады.
Бағдарламаға қатысушылардың қандай да бір берешегі болмауы тиіс. Платформада бюджет пен кредиттік тарих бір-бірімен байланыстырылған, ал берешек болған жағдайда өтінім беру шектеледі.
Сондай-ақ кәсіпкердің жоспарлаған бизнесі экономиканың басым секторына сәйкес келуі міндетті. Оларға өндіріс, жеңіл өнеркәсіп, білім беру, денсаулық сақтау, туризм және т.б. жатады.
«Биылдан бастап бағдарлама аясында бұрын қолдау алған кәсіпкерлер байқауға қатыса алмайды. Бір кәсіпкер үшін мемлекеттік грант сомасы ұсынылған өтінімге байланысты 5 (бес) млн теңгеге дейін жетеді», – деп түсіндірді басқарма басшысы.
Жаңа идеяларды іске асыру үшін бизнес-жобаның міндетті шарттары:
1) инновациялық идеяны құру;
2) кәсіпкердің ұсынатын мемлекеттік грант көлемінің кемінде 10%-ы мөлшерінде іске асыруға арналған шығыстарды, оның ішінде бизнес-жобаға қатысатын жылжымалы немесе жылжымайтын мүлікті қоса қаржыландыруы (ақшалай қаражатпен) (талаптар халықтың әлеуметтік осал топтары үшін міндетті болып саналмайды). Осы жылдан бастап мүгедектіктің 3-тобына жататын кәсіпкерлер үшін бұл талаптар міндетті емес.
3) жаңа жұмыс орындарын құру;
Кәсіпкерлер жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік грант қаражатын мынадай мақсаттарға пайдаланады:
1) негізгі құралдарды (оның ішінде негізгі құралдарды салу/жаңғырту/реконструкциялау/күрделі жөндеу), тауарларды шығару немесе қызметтер көрсету үшін қажетті шикізат пен материалдарды сатып алу;
2) Материалдық емес активтерді сатып алу;
3) технологияны сатып алу;
4)кешенді кәсіпкерлік лицензияға (франчайзинг) құқықтарды сатып алу;
5) зерттеу жұмыстарына және/немесе жаңа технологияларды енгізуге байланысты шығыстар кіреді.
Жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік грант қаражатын мынадай мақсатта пайдалануға болмайды:
1) жылжымайтын мүлікті және/немесе жер учаскесін сатып алуға;
2) жалдау ақысы ретінде;
3) үлестес компаниялардан/тұлғалардан негізгі құралдарды/активтерді сатып алуға (қызметтерді алуға/жұмыстарды орындауға);
4) бұрын пайдалануда болған негізгі құралдарды (жабдықтарды) сатып алуға құқығы бар.
Бағдарламаға қатысудың барлық шартын, құжаттар тізімін және видео нұсқаулықтарын Нұр-Сұлтан қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының сайтынан табуға болады.