
Елорданың мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен белсенді қала тұрғындары бағдарламалық құжаттың негізгі бағыттарын атап өтіп, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.
«Жолдауда айтылған алдағы өзгерістердің негізгі бағыттарының бірі – суперпрезиденттік жүйеден кетіп, Парламенттің рөлін күшейту. Бұл өз кезегінде «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын іс жүзінде іске асыруға ықпал ететін болады. Саяси реформалардың осы пакеті сарапшыларды, азаматтық секторды, ұлттық қоғамдық сенім кеңесі өкілдерін кеңінен тарта отырып, қоғамдық тыңдаулардың нәтижесінде уақытылы айқындалған болып саналады. Үшінші секторды және адам құқықтарын қорғауды күшейту, атап айтқанда, сот және құқық қорғау жүйесін жетілдіру, азаматтардың іргелі құқықтарын қамтамасыз ету, сайлау процесін жаңғырту, азаматтық қоғам институттары мен БАҚ рөлін күшейту тұрақтылық пен қоғамдық келісімді нығайтуға ықпал ететін болады», - деп атап өтті «Аманат» партиясы Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының атқарушы хатшысы Сақтаған Сәдуақасов.
Ол өз сөзінде партия тіркеу үшін қойылатын талаптардың жеңілдегенін де айтып өтті. Тіркеу шегінің ең аз санының қысқаруы жаңа партиялардың пайда болуына және сапалы саяси өзгерістерге әкеледі. «Аманат» партиясы салауатты, адал бәсекелестікті нығайтуды, партия алаңында мықты оппоненттердің пайда болуын қолдайды.
«Біз надандық пен архаикаға, радикализм мен масылдыққа, тұтыну мен сыбайлас жемқорлыққа табынуға табанды түрде қарсы тұратын боламыз. Біз қоғамдағы өзгерістердің шындыққа деген сенімін жандандыруымыз керек. Біз адамдардың энергиясына, талантына және еңбекқорлығына сүйенеміз. Әрбір азаматтың өз қабілетін жүзеге асыруы үшін барынша қолайлы жағдай жасаймыз. Тек осылай ғана біз халқымыздың жасампаздық әлеуетін арттыра аламыз», - деді «Аманат» партиясы астаналық филиалының атқарушы хатшысы.
Жаңа Қазақстанда болатын өзгерістерді жүзеге асыруға бағытталған міндеттерді шешу үшін тоқтап қалмай, батыл алға жылжу қажет, деп есептейді Нұр-Сұлтан қаласы ҚХА Қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі Зухра Саяпова.
«Геосаяси жағдай тез өзгеріп жатыр, ал тоқырауға ұшырамау үшін реформалар қажет. Реформалар барлық саяси институттарға әсер етеді, олар Конституцияға өзгерістер енгізуді көздейді. Жолдаудың мәтінін қайта жазудың қажеті жоқ деп ойлаймын, Қазақстанның әрбір азаматы үшін президенттік саяси реформалар бағдарламасы – аманат, ол әрқайсымыздың жеке өсуімізге және бағдарламаларды іске асыруға қатысуымызға жаңа түрткі болады деп санаймын. Қазақстан халқы Ассамблеясы үшін өзгеріс – Мәжілістегі квотаның күшін жою, Сенаттағы президенттік квотаны 15 депутаттан 10 депутатқа дейін қысқарту, оның ішінде ҚХА-дан 5 депутат. Азаматтық қоғам институттары мен БАҚ рөлін күшейту.
Халық үшін дағдарысқа қарсы шаралар, ұлттық валютаның тұрақтылығы және азық-түлік қауіпсіздігі маңызды. Тәуелсіздігімізді сақтай, бірлігімізді нығайта отырып, біз жаңа Қазақстанды құруға дайынбыз», - деп түйіндеді спикер.