Елордада ерекше балалар көктем мезгіліне арнап экошара өткізеді

Елордада ерекше балалар көктем мезгіліне арнап экошара өткізеді

Нұр-Сұлтан қаласының Жерұйық саябағында «Құстарға қамқор бол – өз қолыңмен үйшік жаса» атты бірегей экологиялық шара өтеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Оған қоғамдық қорлардың қамқорлығындағы мүгедек балалар қатысады. Олар елордалық саябақта жыл құстарына арналған 50-ге жуық түрлі-түсті үйшік орнатады. Шараның тағы бір ерекшелігі – құстарға ағаштан үйлерді мүгедек жандар жасайды.

Алматы ауданы әкімдігімен және Green Tal әлеуметтік шеберханасымен бірлесіп ұйымдастырылатын шара сенбі, 2 сәуір күні сағат 12:00-де өтеді.

«Құстарға қамқор бол – өз қолыңмен үйшік жаса» экологиялық шарасына қатысатын ерекше балалар үшін құстардың өмірі туралы қызықты дәріс өткізіледі, викторина ұйымдастырылып, сыйлықтар табысталады және аниматорлармен ойын-сауық бағдарламасы өткізіледі. Балалар нұсқаушылардың жетекшілігімен Жерұйық саябағының сәніне айналатын үйшіктерін безендіреді.

Көктемгі экологиялық шараның мақсаты – табиғатқа қарауды насихаттау, құстар мен экологияны қорғау, сондай-ақ ерекше балалардың бос уақытын ұйымдастыру. Шараға барлық қала тұрғындары мен қонақтары қатыса алады.