Елорда жұртшылығы Мемлекет басшысының Жолдауын талқылады

Елорда жұртшылығы Мемлекет басшысының Жолдауын талқылады

Елорда жұртшылығы Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған бастамалар мен жаһандық реформаларды қолдайтынын жеткізді. Саясаттанушылар, әлеуметтанушылар, педагогтар және өзге де кәсіби сала өкілдері Жолдауда айтылғандар сапалы және оң өзгерістерге бағытталғанын атап өтті, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ҚХА кафедрасының меңгерушісі Наталья Калашникова Президент ұсынған саяси реформалар бағдарламасы шын мәнінде жаңа Қазақстан дәуірінің бастауы деп санайды.

«Мемлекет басшысы жүйелі және сапалы өзгерістерге, соның ішінде қазіргі конституциялық, мемлекеттік және саяси институттарға бағытталған тұжырымдамалық негіздерді атап өтті. Әлемдегі тұрақсыздық, мемлекетларалық және этносаралық қақтығыстар кезіндегі күрделі жағдайда Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұйымшылдықты, жалпыұлттық бірлік пен ынтымақтастықты қамтамасыз ету туралы үндеуі оң өзгеріске бастайды», - деп атап өтті Наталья Калашникова.

Жолдауда «Қазақстан дамуының саяси моделін қайта құру бойынша» сындарлы қадамдардың қажеттілігі туралы айтылған. Тек негізгі заң – Конституцияға 30 толықтыру енгізу қажет, сол сияқты 20-дан астам заң әзірлеп, қабылдау қажет. Бұл өзгерістің бәрі түсіндіру жұмыстарына байланысты.

«Сондықтан сарапшылардың, тәжірибелі спикерлердің рөлі айтарлықтай артады. Біздің ойымызша, реформалар бағдарламасының негізгі ережелерін түсіндіру және болашаққа талдау жасау үшін білікті мамандар тобы құрылуы керек», - деді ол.

Ең маңыздысы – Парламенттің жоғарғы палатасындағы ҚХА-ның рөлін күшейту. Енді бес депутатты Ассамблея Сенатқа ұсына алады.
«Бүгінде ҚХА өзінің негізгі миссиясын жоғалтқаны туралы айтылып жатқанына қарамастан Сенаттағы Ассамблеяның рөлін күшейту, оның нығаюына, қоғамдық-саяси міндетін жаңғыртуға қызмет етеді деп санаймын. ҚХА қоғамдық келісімді қамтамасыз ету, ұлттық бірегейлікті нығайту жөніндегі пәрменді органға айналуы тиіс», - деп түсіндірді спикер.

ҚХА кафедрасының меңгерушісі сайлау жүйесін реформалау туралы да айтты. Оның аралас типі – пропорционалды және мажоритарлы түрі енгізіліп жатыр, ол жақында Қазақстанның сайлау жүйесінде қолданылған, сондай-ақ көптеген елдер сайлау құқығының неғұрлым демократиялық нысаны ретінде пайдаланылады. Бұл өз ұжымдары мен өңірлерінде беделді кандидаттардың сайлауға қатысуына мүмкіндік береді, деп есептейді спикер.

«Әкімшілік-аумақтық құрылымды жетілдіру қоғамда мақұлдауды тудырды. Жетісу жерінің өкілі ретінде, облысқа қайтадан Жетісу атауының берілуі үлкен қуаныш әкелгенін айтқым келеді. Дәл осы атау ежелгі дереккөздерде көрініс тапқан», - деп атап өтті Наталья Калашникова.

Нұр-Сұлтан қаласы Кәсіпкерлер Палатасының Кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің төрағасы Ирак Елекеевтің айтуынша, аталған Жолдау саяси реформа болып саналады.

«Бұл Жолдауды 30 жыл күттік десек асыра айтпаған болар едік. Бұл жай ғана Жолдау емес, іс жүзінде бұл саяси реформа, онда Конституция формуласы, оған сәйкес елдің әрбір азаматы сайлауға және сайлануға құқылы. Жаңашылдық көп. Бұл Мемлекет басшысының өкілеттіктерінің өзгеруі – суперпрезиденттіктен президенттік республикаға көшу. Бұл жағдайда Парламенттің рөлі арта түседі. Бұл сайлау жүйесін жетілдіру, сондай-ақ партияларды тіркеу рәсімін оңайлату болып есептеледі. Партия құру үшін бұрын 40 мың мүшесі болуы керек болса, кейін 20 мың адамға түсті, енді 5 мың адам жеткілікті. Бұл кез-келген азамат жүгіне алатын Конституциялық соттың құрылуы.

Бізде бұған дейін де экономикалық реформалар өтті, бірақ олар үлкен жетістіктерге қол жеткізе алмады. Өйткені олар саяси қайта құрусыз жүзеге асырылды. Қазір экономикалық өзгерістерге жағымды әсер ететін саяси реформаның уақыты келді. Бізге демократия, заңдылықты сақтау және сөз бостандығы, ең бастысы, Отанымыздың тәуелсіздігін сақтау үшін көп жұмыс істеу керек», - деп түсіндірді ол.