Елордада көркем гимнастикадан қала чемпионаты аяқталды

Елордада көркем гимнастикадан қала чемпионаты аяқталды

Елорданың Тәуелсіздік сарайында көркем гимнастикадан қала чемпионаты аяқталды. Оған 5 жас санаты бойынша 300 спортшы қатысты, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.

Қалалық турнир осы жылдың мамыр айының басында өтетін республикалық чемпионатқа іріктеу болып саналады.

«Елордада көркем гимнастика қарқынды дамып келе жатқанын атап өткім келеді. 2012 жылы қалада бір ғана көркем гимнастика мектебі болса, бүгінде 17 спорттық мекеме бар. Бірнеше жыл ішінде осы спорт түрімен айналысатын балалар саны 3 мыңға жетті. Бұл жақсы үрдіс. Өйткені көркем гимнастика тәртіпті, пластиканы, эстетикалық талғамды, музыкалық қабілетті дамытады, дұрыс тамақтану негіздерін үйретеді. Ал төрешілер алқасы элементтерді орындаудың күрделілігі мен тазалығын, әртістілікті, әуенділікті, гимнастикалық снарядтарды меңгеру шеберлігін бағалайды», – деді бас судьяның орынбасары Меруерт Балғынбаева.

Нұр-Сұлтан көркем гимнастика федерациясының вице-президенті Әсия Хаиралиева чемпионатта үлкен бәсекелестік болғанын атап өтті.

«Елордада үздік бапкерлер құрамы жинақталған. Мұнда еліміздегі замануи залдардың бірі бар. Сонымен қатар, Нұр-Сұлтанда жаңа коммерциялық спорт мектептері ашылуда. Бізде жоғары деңгейдегі гимнастарды дайындап, Қазақстан ұлттық құрамасының жаттығу алаңдарын ұсынуға мүмкіндігіміз бар. Жалпы, көркем гимнастика – классикалық хореография, цирк өнері және акробатика», – деді ол.
Жас спортшы Мадина Найманова бірнеше жылдан бері көркем гимнастикамен айналысып келеді.

«Біздің жаттығуларымыз 5-6 сағатқа созылады. Көркем гимнастикаға таңдау жасадым, бұл спорт түрінде көп еңбектену керек әрі жалқаулықты қою керек. Қатаң тәртіп өмірде де көмектеседі деп үміттенемін. Біз бұл жарыста жаңа бағдарламамен өнер көрсеттік, өйткені құрам өзгерді. Бұл сында үшінші орын алғанымызға қуаныштымыз. Енді ел біріншілігінде өнер көрсетуге дайындалып жүрміз», – деп өз ойымен бөлісті Мадина Найманова.

Турнир соңында жеңімпаздар естелік сыйлықтармен марапатталды.