Елордада туберкулездің алдын алу бойынша айлық аяқталды

Елордада туберкулездің алдын алу бойынша айлық аяқталды

Елордалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы өзіне қарасты ұйымдармен, сол сияқты барлық серіктестерімен бірлесіп, ведомствоаралық өзара іс-қимыл аясында қала әкімдігінің қолдауымен 2022 жылдың 24 ақпаны мен 24 наурызы аралығында «Туберкулезбен күреске инвестиция салыңыз. Өмірді құтқар» атты айлық өткізді, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.

Айлық аясында өткізілген іс-шаралар профилактикалық тексерулерден уақытылы өтудің маңыздылығы жөнінде хабардар болуға, республиканың әрбір азаматының денсаулығын сақтау және нығайту үшін жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік береді.

«Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті жыл сайын қалалық денсаулық сақтау басқармасымен, қалалық фтизиопульмонология орталығымен, білім басқармасымен және аудандық әкімдіктермен бірлесіп, іс-шаралар, акциялар өткізеді. Департаменттің әлеуметтік парақшаларында туберкулездің алдын алу бойынша мақалалар, жадынамалар жарияланады. Медициналық ұйымдарда семинар-тренингтер өткізіледі. Айлық аясында қала мектептерінде, жоғары және орта оқу орындарында қазақ және орыс тілдерінде ашық сабақтар, туберкулездің алдын алу тақырыбында сынып сағаттары өткізілуде. Ойын-сауық орталықтарында хабарлама арқылы дәрістер өткізіледі», - деді қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Жанна Пірәлиева.
Ол дұрыс тамақтанбау ағзаны әлсірететінін атап өтті. Ішімдікке және есірткіге тәуелді, сондай-ақ туберкулезбен ауыратын адамдармен тығыз байланыста болғандар жоғары қауіпті аймақта болады. Дененің әлсіреуінен болатын өткір және созылмалы аурулар ағзаның күресуін төмендетеді. Бұл туберкулездің пайда болуына немесе өршуіне және оның ауыр ағымына әкелуі мүмкін.

«Ересектер мен жасөспірімдер үшін ерте диагноз қою жолы – флюорографиялық тексеру. Туберкулездің алдын алу жүйесіндегі флюорография аурудың ерте кезеңінде жылдам емделіп, сауығып шығуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ, балалар арасында туберкулездің алдын алудың тиімді жолы – БЦЖ екпесі мен 6-7 жастағы ревакцинация. Құрметті ата-аналар! Балаңызға туберкулезге қарсы екпені уақытылы қабылдауға шақырамын. Себебі балаңыздың денсаулығы өз қолыңызда!» - деді спикер.