
Елордалық кәсіпкер бизнес идеяларды жүзеге асыруға арналған грант арқылы бүгінге дейін жеткен жетістіктері туралы ой бөлісті. Бұл туралы қала әкімдігінің ресми сайты хабарлайды.
«Кәсіптің бұл түрін жүргізу үшін үлкен қиындықтармен бетпе-бет кездестім. Карантин уақытында үш баламмен отырып, тігін тігумен айналыстым. Осыдан кейін мемлекеттік грантқа өтінім беріп 200 АЕК көлемінде қаражатқа ие болдым. Оған кесте тоқитын машина сатып алып, үйде отырып жұмыс істей бердім. Клиенттер де көбейе бастады. Осы қалпымда тоқтап қалмай, кәсібімді ары қарай дөңгелетуді ойладым. Көп ұзамай 5 млн теңге көлемінде қаражаты бар мемлекеттік грантқа өз жобамды ұсынып көрдім. Артынша грант жеңіп алғаным туралы қуанышты хабар келді», - деді кәсіпкер Амангүл Баймұхамедова.
Сөзін жалғай отырып, грант қаражатына тігін саласына қажет бірқатар техника сатып алғанын қозғап өтті.
«Қазір алты адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отырмын. Барша қазақ халқын Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамымен құттықтаймын!» - деді кәсіпкер.