Елордада Роза Бағланованың 100 жылдығына арналған «Айналайын, халқымнан еркелеткен» атты концерт өтті

Елордада Роза Бағланованың 100 жылдығына арналған «Айналайын, халқымнан еркелеткен» атты концерт өтті

Нұр-Сұлтан қаласындағы Бейбітшілік және келісім сарайында Халық Қаһарманы, КСРО және Қазақстанның Халық әртісі Роза Бағланованың 100 жылдығына арналған «Айналайын, халқымнан еркелеткен» атты концерт өтті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Кеш қонақтарының қатарында халықтың сүйікті әншілері, жас дарындар мен театр әртістері бар. Салтанатты жиында Алтынбек Қоразбаев, Сұлушаш Нұрмағамбетова, Бағдат Сәмединова, Елмұра Жаңаберген, Айгүл Иманбаева, Құрмаш Махан, Мадина Сәдуақасова, Жұбаныш Жексенұлы, Тамара Асар, Айгүл Қосанова, Рухия Байдүкенова, Әлібек Әлмадиев, Зарина Баженова, Татьяна Ким, Үрбибі Бағланова сынды әншілер өнер көрсетті.

«Роза Бағланова – аңыз адам, қазақ эстрадасының, қазақ өнерінің жұлдызы. Қазақ концертінің ұжымы Роза апамыздың есімімен аталды. Ол кісінің есімі ешқашан өшпейді, мәңгілік ел есінде», - деді әнші, композитор, ҚР халық әртісі Алтынбек Қоразбаев.

Концертке қатысатын барлық өнерпаздар «Астана» эстрадалық-симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен жанды дауыста ән салады.

«Биыл – халқымыздың бұлбұл әншісінің, батыр қызының мерейтойы. Осындай өнерді сыйлап, кешті ұйымдастырып жатқандарға алғысым шексіз», - деді жыршы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Елмұра Жаңаберген.

«Роза Бағланова – өз дәуірінің ұлы әншісі. Алтын қорда ол кісінің 120-ға жуық әні бар. Осы әндер тұрғанда апамыз ешқашан өлмейді деп есептеймін», - деді ҚР мәдениет қайраткері Қуаныш Өтешұлы.

Айта кетейік, артына өлшеусіз мұра мен өшпес із қалдырған, тұтастай бір әншілік өнер мектебін қалыптастыра білген әнші 1922 жылы, қаңтарың 1 күні Қызылорда облысы, Қазалы қаласында дүниеге келген. Өнер жолын Ташкент филармониясының ән-би ансамблінде бастаған. Сол ансамбльмен ІІ дүниежүзілік соғыс жылдары майдан даласында өнер көрсеткен. Роза Бағланова майдан шебінде қойған концерттерінің құрметіне «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен екі мәрте марапатталған.

1946 жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық эстрада әншілері байқауының дипломанты, 1949 жылы Бухаресте өткен Жастар мен студенттердің ІІ Бүкілдүниежүзілік фестивалінің лауреаты аталған. Ленин, Еңбек Қызыл Ту, «Халықтар достығы» ордендерімен, «Шапағат» медалімен және көптеген мемлекеттік марапаттарға ие.

1996 жылы Қазақстанның Халық Қаһарманы атағы берілді.