
Бейбітшілік және келісім сарайында Халықаралық әйелдер күніне орай «Әлемнің жарығы» атты мерекелік концерт өтті. Музыкалық кештің басты қонақтары – еңбек ардагерлері, медицина қызметкерлері, педагогтар, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған аналар, оқуда/спортта жетістікке жеткен балалардың аналары, көпбалалы аналар және т.б. болды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Халықаралық әйелдер күніне арналған «Әлемнің жарығы» мерекелік концерті елорда әкімдігінің қатысуымен ұйымдастырылды. Кеш қонақтарын Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов құттықтады.
Концерт қонақтарына арнап сахнада қазақстандық танымал орындаушылар мен жас таланттар, әзіл-сықақшылар мен бишілер театр актерлері өнер көрсетті. Олардың арасында Тамара Асар, Құрмаш Махан, Рүстем Нұржігіт, Қайрат Баекенов, Тұрсынбек Қабатов, Талғат Мұсабаев, Мейір Байнеш, Әміре, Диная, Рухия Байдүкенова, Игорь Благодарный, Альбина Оганесян және өзгелері бар.
«Қымбатты отандастар, құрметті қыз-келіншектер! Сұлулық әлемге нұр береді деп айта аламыз. Көп нәрсе әйелдерге, отбасындағы жылулық пен тыныштыққа байланысты. Сіздерді көктемнің шуақты мерекесімен құттықтаймын! Денсаулықтарыңыз мықты болсын!» - деп атап өтті қазақстандық композитор Клара Рахмадиева.
Айта кету керек, әртістер эстрадалық-симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен өнер көрсетті. Көрермендер халық әндері мен өз заманында хит болған ретро шығармаларды, әлемдік хиттерді, сондай-ақ осы концертке арнайы жазылған жаңа туындыларды тыңдады.
Фото: Александр Куприенко