Әйел адам өзін барлық қырынан көрсетуі үшін мемлекет тарапынан тиісті жағдайлар жасалған – Алтынай Тәңірбергенова

Әйел адам өзін барлық қырынан көрсетуі үшін мемлекет тарапынан тиісті жағдайлар жасалған – Алтынай Тәңірбергенова

Елордалық Қазақстан халқы ассамблеясы жанында үлкен қоғамдық жұмыстармен айналысатын аналар кеңесі жұмыс істейді. Оның негізін қалаушы – «AltynBala», сондай-ақ елордалық «NOMAD WOMAN» әйелдер ат клубының негізін қалаушы Алтынай Тәңірбергенова. Ол кеңес мүшелерінің қоғамға қандай үлес қосып жатқанын айтып, нәзік жандыларды 8 наурыз мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Нұр-Сұлтан қаласы ҚХА Аналар кеңесінің төрайымы Алтынай Тәңірбергенова бұдан бөлек QSM (Qazaq Social Market) алаңының Қазақстанда әлеуметтік кәсіпкерлік қызметтері мен тауарларын іске асыру, әйелдер арасындағы әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту және қолдау бойынша «ANA TIME», «ANA TIME АТ» әлеуметтік жобаларының негізін қалаушылардың бірі болып саналады.

«Кеңестің әрбір мүшесі – керемет жан, сүйікті жар, жанашыр бауыр және қоғам қайраткері. Қазір мемлекетіміз әйелдің өзін барлық қырынан көрсете алуына, яғни отбасының берекесі болуына, елінің ертеңін ойлайтын перзенттерді тәрбиелеуіне және қоғамдық өмірге белсене араласуына барлық жағдайды жасады. Себебі әйел – бұл әлемге бала әкелетін, оған ненің жақсы, ненің жаман екенін үйрететін адам. Осындай керемет күнде әжелерімізді, аналарымызды, ару қыздарымызды мерекемен шын жүректен құттықтағым келеді. Біз үлкен жауапкершілікті арқалап жүрміз. Бізге отбасымызға, осы әлемге жақсылық пен қуаныш әкелу бақыты жүктелген», - деді ол.