
Елордалық Ұлболсын Сейітқызы 10 жылдан аса уақыт медицина саласында кәсібін дөңгелетіп келеді. Кәсіпкерлікке дейін ол елордадағы клиникада дәрігер физиотерапевт болып жұмыс істеген. Жинаған тәжірибесіне сай пациенттерді емдеу тактикасын сауатты құруды жақсы білетін. Халықаралық әйелдер күні қарсаңында кәсіпкер өзінің бизнеске қалай келгені, оның басталуы және қазір қандай жетістіктерге жеткені жайлы айтып берді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Ұлболсын Сунтаева ұлттық ғылыми медициналық орталықта физиотерапевт болып жұмыс істеді, лазерлік терапия мен оңалту саласында жинаған тәжірибесі мол.
«Мен кәсіпкермін, медициналық қызметпен айналысамын. Медицина – бұл менің өмірім. Бала күнімнен дәрігер болып, науқастарды емдеуді армандайтынмын. Ұзақ уақыт бойы ұлттық ғылыми медициналық орталықта физиотерапевт болып қызмет еттім. Осы клиникада жинаған тәжірибемнің және оның керемет басшы Абай Қабатайұлы Байгенжиннің арқасында лазерлік терапия мен оңалтудың қыр-сырын меңгердім. 2018 жылы лазерлік терапиямен айналысып жүріп, оңалту орталығын ашу туралы шешімге келдім. Себебі жоғарғы тыныс жолдарының аурулары бар науқастарға лор кабинеті қажет деген идеям болатын. Дәл осы уақытта коронавирустық инфекция өршіп кетті», - деп өз әңгімесін Ұлболсын Сейітуқызы бастады.
Лор-жабдықты сатып алу үшін ол «Бизнестің жол картасы» (БЖК) мемлекеттік бағдарламасына қатысу жөнінде тоқтамға келеді. Себебі бағдарлама барысында шағын кәсіпкерлік субъектілерін қолдау үшін өтеусіз гранттар бөлінеді.
«Бизнес-идеямның мақсаты медициналық орталықты, көрсетілетін медициналық қызметтер аясын кеңейту және тиісінше жұмыс орындарының санын арттыру болды. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша 5 млн теңге көлемінде өтеусіз грант жеңіп алдым. Бұл қаражатқа Оңтүстік Кореядан шығатын лор-комбайн сатып алдым. Қазіргі жетістіктерімнің нәтижесі: медициналық орталық аясы кеңейді, жаңа медициналық денсаулық клиникасын аштым. Тиісінше, көрсетілетін медициналық қызметтердің тізбесі көбейді, бұл тізімге лор-рәсімдер, оңалту қосылды. Қосымша жұмыс орындары ашылды», - деді кәсіпкер.
Бизнес ханымның айтуынша, БЖК мемлекеттік бағдарламасы аясында қайтарымсыз гранттар мен кәсіпкерлікті қолдаудың басқа да құралдары кәсіпкерлерге өз ісін дамытуға, қоғамға әрқашан талап етілетін және мақсаттары мен армандарын іске асыруға үлкен көмек пен ынталандыру болып саналады.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жыл сайын республикалық бюджеттен шағын кәсіпкерлік субъектілерін қолдауға қаражат бөлінеді.
Естеріңізге сала кетейік, өтінімдерді қабылдау 2022 жылдың сәуір айында онлайн режимде «Qoldau» цифрлық платформасында, бір ай бұрын әкімдіктің ресми сайтында жоспарланған www.gov.kz/memleket/entities/astana бизнес және кәсіпкерлік бөлімінде тиісті хабарландыру жарияланады.
Толық кеңес алу үшін мына нөмірлерге хабарласқаныңыз жөн: 55-69-21, 55-69-10, 55-69-03 және 55-69-16.