
Қала әкімдігінің мәдениет басқармасы мен Музыкалық жас көрермен театрының қолдауымен елордада «Алғысты әнмен бастадым» атты мерекелік концерт өтті. Алғыс айту күніне орай қалалық ардагерлер кеңесі мен «Белсенді ұзақ өмір» орталығының ұйымдастыруымен шығармашылық кеш өтті, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.
«Алғыс айту күні – қалалық ардагерлер кеңесі жанындағы шығармашылық көркемөнерпаздар ұжымдарымен бірге қайырымдылық концертін өткізу туралы шешім қабылдадық. Бізде 8 хор ұжымы бар, олардың 4-еуі – халық ұжымдары. Бүгін біз екі ұжымға Мәдениет министрінің «халық хоры» мәртебесін алғаны туралы бұйрығын жарияладық», - деді қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Есілов.
Концерт барысында Нұр-Сұлтан қаласы мәдениет басқармасының орынбасары Нұран Қамзин мен қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Есілов ұжымға «Халықтық» және «Үлгілі» атақтарын табыс етті.
«Осы мереке күні Музыкалық жас көрермен театрының сахнасында біз өз шығармашылығымызды көрсеттік. Концертті ұйымдастырғаны үшін елордалық мәдениет басқармасына алғысымызды білдіреміз. Назарларыңызға рақмет!» - деді қалалық ардагерлер хорының жетекшісі Үміт Дүйсенова.