«Жақындарымды енді көрмеймін деп қорықтым»: елордалық дәрігерлер жағдайы ауыр науқасты аман алып қалды

«Жақындарымды енді көрмеймін деп қорықтым»: елордалық дәрігерлер жағдайы ауыр науқасты аман алып қалды

Үкі Мерсағатова 63 жасында өмір мен өлімнің арасында қалды. Өткен жазда ол вакцинациядан қорқып, екпе алудан бас тартқан. Қауіпті вирус оны айналып өтіп кетеді дегенге сенім артқан екен. Екпеден бас тартқаннан кейін ары қарайғы жағдайын болжаудың да қажеті жоқ еді. Науқас ауыр жағдайда реанимацияға түсті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Дәрігерлердің айтуынша, науқастың жағдайы күрт нашарлаған. Үш апта бойы дәрігерлер қолынан келгеннің бәрін жасады.

«Вирусты жұқтырған кезде оның жасы, артық салмағы, қант диабеті және жоғары қан қысымы жағдайды қиындатып жіберді. Халінің күрт нашарлағанына байланысты реанимацияға жіберіліп, оперативті түрде ем алды. Жағдайы тұрақтанғаннан кейін оны қарапайым палатаға ауыстырдық. Онда ол қазірдің өзінде оттегі терапиясын, басқа да емдеуден өтті. Міне осыдан кейін ғана үйіне жібердік», – деді дәрігер Сапаргүл Бердешова-Әбілдаева.

Аман-есен сауығып шыққан ол отбасына оралғаны үшін аурухананың барлық медициналық қызметкеріне алғыс білдірді.

Науқас өзінің аман қалғанын және дәрігерлердің арқасында туыстарының қасында жүргенін айтты.

«Егер дәрігерлер тиісті деңгейде емдемесе ары қарай өмір сүре алмас едім. Ауруханада жатқанымда жақындарымды енді көрмеймін деп қорықтым. Дәрігерлердің бәріне алғысым шексіз. Мені емдеп, аман-есен шығарғандарыңыз үшін рақмет, енді отбасыммен бірге бола аламын!» - деді Үкі Мерсағатова.