
Нұр-Сұлтан қаласының құтқару қызметінің мамандары барша қазақстандықты 1 наурыз – Алғыс айту күнімен құттықтады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
«Мен өз әріптестеріме – Құтқарушыларға алғысымды білдіремін! Абай атамыз «...сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» демекші, әрбір азаматтық қорғау органының қызметкері бейбіт заманның кірпіші болып қаланып, өз үлесін қосып келеді. Достық пен сенім, көмек, сүйіспеншілік пен қолдау, қамқорлық үшін алғыс айтамын!» - дейді Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бас маманы Аслан Жұмабеков.
«Осындай керемет күнде тәрбие берген ата-анама ақыл-кеңесі, олардың мейірімділігі, махаббаты, менің азамат болып қалыптасуыма сіңірген еңбегі үшін алғыс айтамын!» - деді Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері Әнуар Ғабдуллин.
«1 наурыз – Алғыс айту күніне орай, барша дәрігерлерге, полиция қызметкерлеріне және өз әріптестеріме жұмысы өміріне қауіпті болса да адал қызмет еткені үшін алғысымды білдіремін!» - дейді Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД Өрт сөндіру бөлімінің азаматтық қорғау сержанты Назарбек Жаймағамбетов.
«Алғыс айту мерекесімен азаматтық қорғау қызметінің мамандарын, полиция қызметкерлерін, дәрігерлерді құттықтап, олардың ерен еңбегі үшін алғыс айтқым келеді. Қазақстан халқына жақсылық, ынтымақ тілегім келеді!» - деді Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші құтқарушысы Дарабек Алдашев.