
Алғыс айту күніне орай елорданың этномәдени бірлестіктерінің өкілдері «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қамқорлығындағылар үшін мерекелік дастархан ұйымдастырды, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.
Қазір «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы шағын Ассамблея деп аталады, өйткені онда әртүрлі ұлттардың 307 зейнеткері тұрады.
«Алғыс айту күні қарсаңында ҚХА өкілдері осында тұратын ата-әжелерді мерекемен құттықтауға келді», - деді директордың стационар жағдайындағы әлеуметтік жұмыс жөніндегі орынбасары Ардақ Сейітова.
Мерекелік концертке қаланың этномәдени бірлестіктері қатысты. Поляк орталығы Golden Sax ансамблімен бірлесіп «Шла дэвэчка» композициясын ұсынды, белорус этномәдени орталығының «Веселка» хоры «Галина» және «Қайырлы күн, халайық» композицияларымен өнер көрсетті, татар-башқұрт мәдени орталығы «Дулкын Такмалар» халықтық әнін орындады, кәріс этномәдени бірлестігінің бишілері «Көбелек» биін орындады.
«Алғыс айту күні қарсаңында біз түрлі мекемелерге барамыз. «Шарапатта» жиі бас қосамыз. Мұнда зейнеткерлерді құттықтауға келдік, өйткені Алғыс айту күні – бұл рақметіңді айтуға болатын ерекше мүмкіндік. Бүгін өткен ғасырдың қиын-қыстау кезеңінде түрлі ұлттарды бауырына басқан қазақ халқына, сол сияқты ата-аналарға, ата-әжелерге қиын-қыстау кезеңге төтеп беріп, ұрпағына тек жақсысын қалдырғаны үшін алғысымды білдіргім келеді. Біз құмық биін дайындадық, ал репертуарымызда кавказ халықтарының билері де бар. Мұндай нөмірлер таңдалғанда көрермендердің көңіл-күйін көтеру үшін ең әсерлі композицияларды таңдау туралы шешім қабылдадық», - деді «Вайнах» шешен-ингуш халық ансамблінің көркемдік жетекшісі Ханифа Мациева.
Сонымен қатар, 1 наурыз – Алғыс айту күніне орай «Тағзым» керуені де бірқатар іс-шара ұйымдастырды. «Жас Ұлан» мектеп оқушыларынан құралған әскери жасақ төтенше жағдай кезінде жедел көмек көрсететін қызмет иелеріне – «103 жедел жәрдем» желісі, өрт сөндіру қызметі, Полиция басқармасының кезекшілік бөлімі, «Нұрлы жол» теміржол вокзалы қызметкерлеріне және «Астана Тазалық» мердігерлік ұйымының жұмысшыларына алғыс айтып, гүл шоқтарын табыс етті.
«Тағзым» керуені Ұлы Отан соғысы ардегерлерін, жалғызбасты қарттарды 1 наурыз – Алғыс айту күнімен құттықтап, азық-түлік себеттерін табыстайды. Оқушылардан құралған «Еріктілер» тобы жалғызбасты ардагерлердің ауласын қардан тазалайды.
Көктемнің алғашқы күні «Тағзым» керуені Алматы ауданы аумағында орналасқан әлеуметтік нысандарға – Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Нұрлы жүрек» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы, Мамандандырылған балалар үйі, SOS Балалар қалашығы, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы, «Балам-ай» қоғамдық қорының қызметкерлері, сол сияқты №2 «Өнер» мектебінің «Өнер керуені» шағын концерттік бағдарлама ұсынады.
1 наурыз – Алғыс айту күніне орай аудан балабақшалары арасында «Мейірімге толы әлем!» онлайн-челленджі өтеді. Шара қорытындысы бойынша «Ең үздік челлендж», «Ең үздік құттықтау» номинациялары бойынша жеңімпаздар анықталатын болады. Оларға дипломдар мен естелік сыйлықтар табыс етіледі.
Сонымен қатар, осы күні Алғыс айту күніне орай Парламент депутаттарының, мемлекеттік органдар, этномәдени бірлестіктер, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтеді.
1 наурыз сағат 14:00-де М. Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының әртістері балаларды оңалту орталығының кішкентай пациенттеріне – А.Болдиновтың «Аистенканың шытырман оқиғалары» көшпелі спектакль-ертегісі ұсынылады.
Сондай-ақ, бүгін сағат 16:00-де елордалық қуыршақ театры жас көрермендерді Е.Жуасбектің «Ғажайып түс» қойылымына шақырады.
Сағат 15:00-де «Наз» мемлекеттік би театры «Мың алғыс саған – жамағат» тақырыбында дөңгелек үстел өткізеді.
Сондай-ақ, Алғыс айту күні мерекечі аясында «Қазақ еліне мың алғыс!» монументіне гүл шоқтарын қою іс-шарасы ұйымдастырылады.
Алғыс айту күніне орай Музыкалық жас көрермен театрында қалалық ардагерлер кеңесінің шығармашылық ұжымдарының қатысуымен «Алғыс айту күні» концерті өтеді.
Бұл күні қаланың барлық ұйымында, оқу орындарында және аудан әкімдіктерінде бүгінгі мерекеге арналған іс-шаралар өтеді.
Естеріңізге сала кетейік, 1 наурызда Қазақстанда Алғыс айту күні аталып өтеді. Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күніне орайластырылған мереке көпұлтты және көпконфессиялы ел бірлігінің символына айналды.