Елорданың денсаулық сақтау басқармасы: медициналық техника паркін жабдықтау және жаңғырту мәселесі – басты міндет

Елорданың денсаулық сақтау басқармасы: медициналық техника паркін жабдықтау және жаңғырту мәселесі – басты міндет

2021 жылы 560-тан астам медициналық техника сатып алынды, бұл қаланың 25-тен астам денсаулық сақтау ұйымының паркін жаңғыртуға мүмкіндік берді. Бұл туралы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов ведомствоның 2021 жылғы қызметінің қорытындысы бойынша есеп беру алқасында мәлімдеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Бүгін қала әкімінің орынбасары Берік Жәкеновтің төрағалығымен денсаулық сақтау вице-министрі – ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетованың қатысуымен Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының отырысы өтті.

«Стационарлар үшін біз 2 компьютерлік томограф, 1 магнитті-резонансты томография аппараты, 330 перфузор, 174 реанимациялық монитор, 32 өкпені жасанды желдету аппараты, 76 HighFlow (ХайФло), жаңа туған нәрестелерге арналған 12 ӨЖЖ аппараты, жаңа туған нәрестелерге арналған 13 инкубатор, қарқынды терапиялық күтімге арналған 6 реанимациялық орын және т.б. сатып алдық. Осының барлығы тұрғындарға медициналық көмек көрсету сапасын жақсартуға мүмкіндік берді», – деді қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы.

Тимур Мұратов бастапқы буын ұйымдары үшін пациенттерді диагностикалау және емдеу үшін шамамен 75 бірлік техника сатып алынғанын қозғап өтті.

Ол сондай-ақ елордалық медициналық ұйымдарды реконструкциялау және салу мәселесіне тоқталды.

Бүгінгі күні №1 Көпбейінді қалалық аурухана үшін 250 төсекке арналған перзентхана блогының, №2 қалалық көпбейінді аурухананың Акушерлік және клиникалық блоктары арасындағы қабылдау-диагностикалық кешеннің, Интернациональный елді мекеніндегі бір ауысымда 150 келушіге арналған жаңа МСАК орталығының эскиздік жобалары келісілді.

МЖӘ аясында Көктал елді мекенінде 800 төсек-орынға арналған Университеттік көпсалалы аурухананың құрылысы жалғасады деп күтіліп отыр. Сондай-ақ, Сарыарқа ауданында бір ауысымда 350 адам қабылдайтын амбулаториялық-емханалық кешенді жобалау бойынша жұмысты бастау немесе осы мақсатта басқа ғимаратты реконструкциялау мүмкіндігін қарастыру жоспарлануда.

Өзге де инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жоспарланып отыр.