
Елорда тұрғыны Тамара Шпилева вакцинацияның барлық кезеңінен өткеннен кейін екпе жүктілікке әсер етпейтінін айтып, оған бола алаңдамағанын жеткізді. Өткен жылдың маусым айының басында ол вакцинаның алғашқы компонентін алды, ал 21 күннен кейін толық иммундау курсынан өтті. Вакцинациядан кейін бір айдан соң жетінші сәбиіне жүкті екенін білген.
Айтуынша, вакцинацияға дейін де, кейін де ешқандай қорқынышы болмаған. Ол өз денсаулығын қорғау үшін вакцинациядан өту туралы шешім қабылдаған, ал екпе алар сәтте ресейлік «Спутник-V» препаратын таңдаған.
«Вакцинациядан қорыққан жоқпын. Ешнәрсеге алаңдамастан барып, екпе алдым. Екпе алғаннан кейін тура бір ай өткен соң ғана жүкті екенімді білдім. Дегенмен мені ешқандай ой мазалаған жоқ. Яғни, екпе алғаннан кейін жүкті болдым, бұл құрсақтағы сәбиіме кері әсер етуі мүмкін деген ой алаңдатқан жоқ», - дейді Тамара.
УДЗ кезінде дәрігерлер құрсағындағы сәби ауытқусыз дамитынын, дені сау бала болып өсетінін айтқан. Шпилевтер отбасында жетінші сәби дүниеге келіп отыр. Бұл жолы олар қызды болды. Олардың жаңа туған сәбиінен бөлек үш ұлы мен үш қызы бар. Ол өз сөзінде бала сүюді жоспарлап отырған әйелдердің көбі вакцинация мәселесіне немқұрайлы қарайды деген ойымен бөлісті.
«Екпенің түр-түрін бала күнімізден алып келеміз. Ешқандай қорқынышсыз екпеге дайын болу керек. Әрине, болашақ аналардың алаңдайтыны түсінікті. Бірақ қазір технология үнемі даму үстінде. Дәрігерлер екпе әйелдің де, құрсағындағы сәбиінің де денсаулығына қауіпсіз деп айтса, демек солай болғаны, вакцинация алуыңыз керек. Осылайша сіз өз денсаулығыңызды да, айналаңыздағы адамдардың денсаулығын да қорғайсыз», - деді Тамара Шпилевая.