Елорда студенттері КВИ-ге қарсы екпе алуға шақырылады

Елорда студенттері КВИ-ге қарсы екпе алуға шақырылады

Елорданың жоғары оқу орындарында студенттерге ақпараттық-түсіндіру бойынша кездесулер өткізіледі. Мұндай басқосулар «Астана» Халықаралық университетінде, Қазақ ұлттық өнер университетінің колледжінде және «Астана» медициналық университетінде өтті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Қазіргі уақытта елордада 15 университет жұмыс істейді, онда 65 мыңға жуық студент оқиды.

Осындай кездесулер студенттердің қызығушылығын тудырады, себебі спикерлер – жастар саясаты саласында өз рөлі мен беделі бар табысты азаматтар. Олардың қатарында «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының төрағасы, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты Динара Сәдуақасова, «Тәуелсіздік қырандары» қоғамдық қорының атқарушы директоры, кәсіпкер Сүлейменов Олжас бар.

Кездесулер барысында студенттерді өз денсаулығын және айналасындағы жандарды қорғау үшін вакцинациядан және ревакцинациядан өтуге шақырды.

«Студенттер мен оқытушылардың шамамен 75%-ы вакцинациядан өтті, енді коронавирустық вакцинаның тағы бір дозасын алуы керек. Біз ревакцинациядан өту қаншалықты маңызды екендігі туралы түсіндіру жұмыстарын ары қарай жалғастырамыз. Өз кезегінде студенттер жастар саясаты саласында жүзеге асырылатын жобаларға қызығушылық танытуда», - деді Нұр-Сұлтан қаласының жастар саясаты мәселелері басқармасының бөлім басшысы Ақұлан Тастемір.