
Соңғы аптада елордада толассыз қар жауды. Коммуналдық қызметтер тәулік бойы күшейтілген режимде жұмысын жалғастыруда, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
16 ақпаннан 17-сіне қараған түні елордадан 30 мың текше метрге жуық қар шығарылды, қар полигондарына 2200-ден астам рейс жасалды.
Бүгінде қала бойынша қар күреу жұмысына 2000-ға жуық жол жұмысшы мен 1000-нан астам арнайы техника жұмылдырылды.
Қыс мезгілі басталғалы бері елордадан барлығы 3,22 млн текше метр қар шығарылды, бұл 243 430 жүк көлігінің көлеміне тең.
Бірінші кезекте, ереже бойынша, жолдарда кептеліс болмауы үшін қозғалысы өте қарқынды учаскелер тазартылады. Сондай-ақ орташа қарқынды учаскелер – алаңдар, вокзал маңындағы аумақтар, тротуарлар, әлеуметтік нысандарға кіретін жолдар және т.б. қардан тазартылады.