
Бүгін, 12 ақпанда Нұр-Сұлтанда қар тазалау жұмысына 1 800-ден астам жол жұмысшы шықты, сондай-ақ 1 000-ға жуық арнайы техника жұмылдырылды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Елорданың коммуналдық қызметтері кешкі және түнгі уақытта қарқынды, сондай-ақ күшейтілген тәулік бойғы режимде жұмысын жалғастыруда.
11 ақпаннан 12 ақпанға қараған түні елордадан 7 708 текше метр қар шығарылды, ол үшін қар полигондарына 623 рейс жасалды.
Қысқы кезеңде Нұр-Сұлтаннан 3 млн текше метрге жуық қар шығарылды.
Бүгін, 12 ақпанда елорда көшелерінің қарын күреу жұмысына 1 000-ға жуық арнайы техника мен 1 800-ден астам жол жұмысшы жұмылдырылды.
Бірінші кезекте, ереже бойынша, жолдарда кептеліс болмауы үшін қозғалысы өте қарқынды учаскелер тазартылады. Сондай-ақ орташа қарқынды учаскелер – алаңдар, вокзал маңындағы аумақтар, тротуарлар, әлеуметтік нысандарға кіретін жолдар және т.б. қардан тазартылады.
Естеріңізге сала кетейік, «Қазгидромет» РМК-ның болжамы бойынша бүгін және алдағы күндері Нұр-Сұлтанда көп қар жауады, сол сияқты бұрқасын мен екпінді жел болуы мүмкін.