Елорданың медициналық ұйымдарына күрделі жөндеу жүргізілді

Елорданың медициналық ұйымдарына күрделі жөндеу жүргізілді

Елорданың ауруханалары мен емханаларында күрделі жөндеу жұмыстары кезең-кезеңмен жүргізілуде, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Қалада көптеген медициналық ұйым өткен ғасырдың 80-ші және 90-шы жылдары салынған ғимараттарда орналасқан. Сол себепті бұл ғимараттар күрделі жөндеуді қажет етеді.

Мысалы, жақында № 13 емхана филиалының ғимаратын күрделі жөндеу және қайта жаңғырту жұмысы аяқталды. 1987 жылы Целиноград тұсында салынған нысан қазір жаңартылып, орнына жаңа, жарық және жайлы ғимарат пайда болды.

Абылай хан даңғылындағы емхана ғимаратының реконструкциясы мен жөндеу жұмыстары өткен жылдың көктемінде басталып, бір жылға жетер-жетпес уақытта аяқталды. Мұнда құбырлар мен еден жабындылары толығымен ауыстырылды, шатыры, ғимараттың қасбеті жөнделді, кей орындардың аумағы кеңейтілді.

«Қала әкімдігі мен мәслихатының көмегімен күрделі жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Қазір аз ғана жұмысы қалды: кабинеттерді қажетті медициналық жабдықтармен жабдықтау, қызметкерлерді жұмыс орындарымен қамтамасыз ету, пациенттер үшін жағдай мен жайлылықты толықтай жасау. Жақын арада емхана филиалының есігі қайта ашылады», - деді қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов.

Елордада тағы бірнеше медициналық ұйымда жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мұның бәрі пациенттердің жайлылығы және астаналық мекеме деген мәртебесіне сәйкестігі үшін жасалады.

Сондай-ақ, қазір №1 Көпбейінді қалалық балалар ауруханасын күрделі жөндеу мәселесі шешілуде, өйткені ғимарат қасбетін жаңарту қажет, сол сияқты қазандыққа жөндеу жүргізу керек: құбырлар мен едендерді ауыстыру, қабырғаларды бояу және басқалар.