
Мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов пен Алматы ауданының әкімі Нұрбол Нұрсағатов бастаған қалалық мәслихат депутаттары белсенді тұрғындармен кездесті. Кездесуде ауданның тыныс-тіршілігіне қатысты маңызды мәселелер көтерілді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Кездесуге Алматы ауданының әрбір шағын ауданы мен елді мекендерінің өкілдері қатысты. Тұрғындар тез арада шешуді қажет ететін негізгі проблемаларды жеткізді.
Аталған түйткілді мәселелердің көпшілігі инфрақұрылымды дамытумен байланысты, оның ішінде: жол жөндеу, тротуарлар салу, электр желілері мен кәріздер жүргізу, сумен жабдықтау, газдандыру мәселелері, электр энергиясының тарифтері, интернет мәселесі, сыртқы және аулаішілік жарықтандыру, көгалдандыру, яғни тұтастай алғанда ауданды абаттандыру.
Сонымен қатар, тұрғындар балабақшалар, емханалар, дене шынықтыру-сауықтыру кешендері және жылы аялдамалар салу туралы тілектерін білдірді.
Алматы ауданының белсенділері көтерген проблемалардың бәрі қалалық мәслихат депутаттарының назарына алынды. Екі сағаттық талқылау барысында қалалық мәслихат депутаттары алдында тез арада шешуді талап ететін ең өткір мәселелер қозғалды. Айтылған проблемалар бойынша мұқият талдау жүргізіледі.
Айта кетейік, аудан әкімі Нұрбол Нұрсағатов аудан тұрғындарымен тұрақты түрде көшпелі кездесулер өткізуді жалғастырады. Қала тұрғындары өз тілектері мен ұсыныстарын WhatsApp нөміріне +77071701181 жібере алады.